ҚР Мәдениет және спорт министрі қазақстандық зілтеміршілер айналасындағы дау-дамайға қатысты түсінік берді

ҚР Мәдениет және спорт министрі қазақстандық зілтеміршілер айналасындағы дау-дамайға қатысты түсінік бердіАСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандық зілтеміршілер айналасындағы туындаған дау-дамайға қатысты түсініктеме берді.

«Біз қазір министрлік жанынан Қазақстанның ауыр атлетика федерациясымен бірлесе отырып комиссия құрдық. Себебі, бұл оқиға баршамызды алаңдатып отыр. Алайда, бұл алдын ала диагноз, яғни соңғы шешім емес. Әрине, біз қазіргі кезде апелляцияға берудеміз. Әрбір спортшы дәрі-дәрмекке қосымша тестілеуден өтетіні белгілі»,-деп тоқталды министр.

Осы орайда ведомство басшысы егер де спортшылардың допингті қабылдау фактісі дәлелденсе, онда атлеттерді дәрі-дәрмектерді қабылдауға тартқан аға бапкерлер жазаланатынын қадап айтты.

«Өйткені, бұндайға мүлдем жол берілмеуі керек. Біз спорттың таза болғанына, жоғары нәтижелер спортына басымдық беріп отырмыз»,-деді А. Мұхамедиұлы.

Сонымен қатар министр бүгінде ауыр атлетикада әрбір салмақ дәрежесінде бірнеше талантты жастар бар екенін атап өтті. «Біз үшін спорттық держава ретінде Қазақстан намысын сақтау өте маңызды»,-деді ол.

Бұдан бөлек, ведомство басшысы допингті пайдалануда күдікке ілінген спортшылардың алдын ала тізімінде 17 адам бар екенін, оның ішінде үшеуі -қазақстандықтар.

«Бұл бірінші тізім, сонымен қатар қосымша тізімдер болатындығы айтылды. Бұлар дәрілік препараттарды пайдаланды деп күдікке ілінгендер. Қалай болғанда да біз барлығын тыңғылықты талдаудан өткізуіміз керек. Алда Рио де Жанейродағы Олимпиада ойындары бар. Қазақстан бұған жақсы жетістіктермен көрінді. Сондықтан біз бұл әлеуетімізді жоғалтпай, оны еселей түсуіміз шарт»,-деп түйді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Ауыр атлетика федерациясы А. Өтешов пен Ж. Қыдырбаевтан допинг анықталуы фактісіне қатысты мәлімдеме жасады. 2015 жылдың 24 желтоқсанында Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) допинг-қадағалау бойынша зертханалық талдаулар нәтижесі негізінде қазақстандық спортшылар - Алмас Өтешевті, Жасұлан Қыдырбаевты және Ермек Өміртайды уақытша спорттан шеттету шешімін шығарды. Яғни олар допингке қарсы ережені бұзуы мүмкіндігіне байланысты халықаралық жарыстарға уақытша жіберілмейтін болады.

2015 жылы Хьюстонда Әлем чемпионатынан кейін спортшылардан алынған допинг-қадағалаудың «А» сынамаларында тыйым салынған анаболитикалық андрогендік стероид анықталды.

«Аталған фактіге байланысты тиісті ведомстволар мен қазақстандық федерацияның ішкі тексеру шараларын жүргізуі жоспарланып отыр»,-деп атап өтілген федерация мәлімдемесінде.

Оның нәтижесі бойынша «Б» сынамасын ашуға сұрау жіберу мүмкіндігі туралы және апелляцияға беру шешімі қабылданады.

Сонымен қабар IWF тексеруі де жалғасады. Оның қорытындысы Халықаралық ауыр атлетика федерациясы мен ҚР Ауыр атлетика федерациясының сайттарында хабарланады.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 желтоксан 2015 г. 820 0