
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне спорттық және
спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу
кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Аталған
құжат спорттық-бұқаралық, мәдени ойын-сауық және басқа да іс-шараларын
ұйымдастыруға, өткізуге байланысты құқықтық қатынастарды реттеуге
бағытталады.
«Бұл ретте заң жобасымен шараларды өткізу үшін
жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыру комитеттерін құратын болады.
Олар шараларды өткізуге тартылған ұйымдардың қызметін үйлестіреді. Жеке
тұлғалардың мәдениет, дене шынықтыру, спорт саласындағы құқықтары мен
міндеттері айқындалып, олардың шараларға баруы кезіндегі тыйым салулары
мен шектеулері кеңейтіледі. Осыған байланысты жеке тұлғаларға аталған
шаралардағы мінез-құлықтың, жүріс-тұрыс қағидаларын бұзғаны үшін
әкімшілік жауаптылық енгізіледі», - деді Ішкі істер министрі Қалмұханбет
Қасымов.
Бұдан бөлек, бұқаралық шаралар өткізетін орындарға
алкоголь өнімдерін, сонымен бірге, металл және шыны құтыдағы,
пиротехникалық және басқа да адам өмірі мен денсаулығына қауіп
төндіретін кез келген заттар мен өнімдерді әкелуге тыйым салынады.
Сонымен қатар шаралар өткізілетін уақытта әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық,
діни араздықты қоздыруға бағытталған, сол секілді жеке тұлғалардың
құқықтарына нұқсан келтіретін плакаттарды, эмблемаларды,
транспоранттарды және өзге де көрнекті заттарды пайдалануға тыйым
салынады. Бұндай тыйым салуларды бұзғаны үшін жеке тұлғаларға жиырма
айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, әкімшілік
жауаптылыққа тартылады.
Сценалар мен ареналарға адам өмірі мен
денсаулығына қауіп төндіретін кез келген затты лақтыруға заңмен тыйым
салу ұсынылған. Тұтастай алғанда, спорттық және спорттық-бұқаралық,
ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу
ережелерін реттейтін құжат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне,
«Мәдениет туралы» және «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңдарына
түзетулер енгізуді көздейді.