
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында Шиелі ауданында 527 азамат,
1190 млн. теңгенің шағын несиесін алып кәсібін ашты. Бұл бағытта 570
жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі
хабарлады.
«Ресми деректерге сүйенсек, аталмыш бағдарламаның бірінші
бағыты аясында 37 жоба іске асып, халық игілігіне пайдалануға берілді.
Тұрғындардың әлеуетін көтеріп, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге септігін
тигізетін бағдарлама аясында 269 жас азамат қайта даярлау курстарынан
өтіп жаңа мамандық иегері атанса, 53 азамат өз біліктіліктерін
арттырған. Қайта даярлау курсынан өткен және біліктілігін арттырған
азаматтар толығымен жұмыспен қамтылды. Кәсіби мамандық алған 617
азаматтардың 72,2 пайызы жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс
орындарын құру арқылы жұмыс ашқан 303 мекемеге 952 жұмыссыз азамат
жіберіліп, 548 тұрақты жұмысқа орналасқан. Оқу бітірген азаматтарды
тәжірибе жинақтау үшін 6 айлық жастар тәжірибесіне 772 азамат жіберіліп,
181 тұрақты жұмысқа орналастырылды», - делінген хабарламада.