Қырғыз қазақтан үлгі алады

Қырғыз қазақтан үлгі аладыБүгін Қызылорда қаласында «Ислам діні – бейбітшілік бастауы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми басқосуға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және өңіріміздегі ислам дінінің дамуына қатысты зерттеу жасап жүрген мамандар, берісі Астана мен Алматы, Қазақстанның аймақтарынан, арысы Ресей, Түркия, Өзбекстан мен Қырғызстаннан арнайы келген дінтанушылар, теологтар, сарапшылар қатысты.
Конференцияда Қырғыз Республикасының мемлекеттік дін істері комиссиясының сектор меңгерушісі Дамира Құсейінова өз мемлекетінің дін саласындағы саясатын баяндап берді.
Оның айтуынша, Кеңес одағы ыдыраған тұста қырғыз елінде 39 мешіт болса, қазіргі таңда 2814 діни ұйым қызмет етуде. Оның 2422-сі исламға, 380-і христианға, қалғаны буддизмге, еврей және бахаи қоғамына тиесілі. Айырқалпақты ағайыннан келген өкілдің сөзіне қарағанда, діндердің бұлай қанат жаюы – ел ішінде жүргізілген либералды саясаттың нәтижесі.
– Соңғы жылдары Қырғызстанда ғана емес, әлемде діни радикализмнің белең алуы байқалады. Осыған орай, біздің мемлекет діни ұйымдардың қызметін реттеп, халықтың тыныштығын сақтайтын зайырлылық үлгілерін қалыптастыруға аса мән беріп отыр. 2013 жылдан бастап дін саласын жүйелейтін мемлекеттің саясатына реформа жасалды, – дей келе Дамира Жұмаділқызы Қазақстанның дінаралық келісім мен ұлтаралық достықты сақтаудағы тәжірибесі өз еліне ғана емес, әлемге үлгі болатынын жеткізді. Өйткені, діни келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қараша 2015 г. 838 0