« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Ел тәуелсіздік алған 1991 жылың 16 желтоқсанында Ақтөбе ауылында шаңырақ көтерген Сәрсен мен Жақсыгүлдің қазір 5 баласы бар. Балаларының алды жоғары оқу орнын бітіріп, еңбекке араласуда.
Ал, мектепте бiлiм алып жүргендерінің бәрі Т.Салқынбайұлы атындағы әуез мектебінің ауылдық филиалындағы үйірмеге қатысады. Соның ішінде екінші балалары Сұлтанның бала арманы музыкалық білім алу болатын. Қазақтың ұлттық аспабы домбыраның құлағында еркін ойнауды жыршы-термеші Қыдырбек Сәденов ағайынан үйренді. 4 жылдық жыр-терме сыныбын бітірді. Мектепте жүргенде-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын. 2007 жылы аудандық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауында І орын алып, облыстан ІІІ орынмен оралған.
Орта мектепті бітіргеннен кейін Қызылордадағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжде оқып, «Үрлемелі және соқпалы аспаптар» мамандығын үздік дипломмен бітірді. Колледж қабырғасында жүргенде түрлі концерттер мен байқаулардың жеңімпазы атанды. Облыс әкімінің грантын жеңіп алып, Қызылорда мемлекеттік университетінің музыка және педагогика факультетіне оқуға қабылданды. 2014 жылы сырттай бөліміне ауысып, еңбек етуге бел буды.
-Мектепте ұзақ жылдан бері ән-әуез пәнінен дәріс беретін мұғалім басқа өңірге қоныс аударатын болды. Маған тез арада сол ұстаздың орнын басатын маман қажет-ті. Сұлтан мектебімізде оқыған үлгілі оқушы ғой. Өнерімен көпті қуантатын. Оның жетістіктерін сырттай естігенде, біздің мектептің түлегі деп мақтанып жүретінбіз. Дереу Сұлтанның ата-анасын шақырып, мамандығын, қазір қайда, қандай қызмет етіп жатқанын сұрадым. Ауылға келіп, жұмыс істеймін десе мектепке мұғалім етіп қабылдайтынымды айттым. Олар да қуанды, мен де кешегі кішкентайларымыз елге қызмет етер азаматтар қатарына қосылғанына іштей сүйсіндім. Міне, Сұлтан өзінің алтын ұя мектебінде алғашқы еңбек жолын бастап кетті. Көтерме жәрдемақы, «Дипломмен-ауылға» бағдарламасымен баспаналы болды. Аз уақыт болса да жетістіктерін көрсетіп үлгеруде. Біз оның болашағынан үлкен үміт күтеміз,-дейді №109 мектеп директоры Мұрсал Әбдіқасұлы.
Ол қазір өзі шәкірттер тәрбиелеуде. Аудандық XVI дәстүрлi Абай және Шәкәрiм оқулары байқауында «Көңілім әнді ұғады» бөлімі бойынша І орынмен Аружан Жансейітова марапатталып, облыстық байқаудан ІІІ орынмен оралды. Аудандық патриоттық әндер байқауына Мөлдір Елемесова қатысып, бас жүлдеге ие болды. Арсен Махамбетов пен Ақмаржан Жақсылықова алғыс хат алды.
Өзі білім саласы қызметкерлерінің «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің лауреаты. Ауылдағы мереке тойлардың көрігін қыздырып, баянмен ән шырқап, көптің қошеметіне бөленіп жүр.
-Адамда арман көп. Жастардың дені қалада қалып қызмет етудімақсат тұтады. Мен де сондай ойда болғанымды жасырмаймын. Бірақ мен туған ауылыңның топырағын басып, ауасын жұтып, суын ішіп, ағайын-туыс пен дос-жаранның ортасында, өз үйіңде еркін жүргеннен артық ешнәрсе жоғын ерте түсінгеніме шүкір деймін. Ауылымызда тың серпіліс барын білесіздер. Биыл күрішіміз бітік шығып, елдегі молшылық тойының куәсі болдыңыздар. Тұрғындар еңсесін тіктеді. Енді тек біз секілді жастар білек сыбана кірісіп, ауылды дамытуға септігін тигізсе алмайтын асу, шықпайтын белес жоқ,-дейді ол нық сеніммен.
Сұлтан өзіне дәріс берген ұстаздармен бүгін әріптес. Ұстаздан шәкірт озар деген бар. Бүгінгі жас маман ертең өзінен озар шәкірт тәрбиелейтініне күмән жоқ.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |