МАҒЖАН ШАМШАДИН – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ!

МАҒЖАН ШАМШАДИН – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ!Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Әбу-Дабиде дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтуде. 85 елден 560 спортшы қатысып жатқан байрақты бәсекеде жерлесіміз Мағжан Шамшадин еліміздің Туын көкте желбіретіп, Әнұранын шырқатты.

Қызылордалық Мағжан Шамшадин 55 келі салмақ дәрежесінде өзбекстандық Достон Рузиевті, армениялық Ваган Ховсепянды, әзірбайжандық Натиг Гурбанлиді, жартылай финалдық кездесуде грузиялық Ираклий Купанадзені ұтты. Ал финалда Оңтүстік Корея елінің спортшысы Ха Рим Лиден айласын асырып, таза жеңіске жетті. Чемпион атанған Мағжан осы жарыста ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.

Айта кетейік, Мағжан Шамшадин Қазақстаннан шыққан жастар арасындағы екінші әлем чемпионы. Бұған дейін 2010 жылы Елдос Сметов дәл осы салмақта (55 келі) жеңіске жеткен еді.

М.Шамшадин 2014 жылы жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесін иеленсе, сол жылы Қытайдың Гонконг қаласында өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Биыл Атырауда жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатында бірінші орынды еншіледі.

Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алатын Мағжанның бапкері – дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қален Қалиұлы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қазан 2015 г. 1 105 0