
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облыстық әкімдігі жанындағы
Ахуалдық орталық қызметінің ерекшеліктерімен танысты, деп хабарлайды
Ақорданың баспасөз қызметінен.
Орталық қызметі 2014 жылдың маусым
айынан бастап жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты - Қызылорда облысы
әкімдігі қызметінің тиімділігін заманауи ақпараттық-коммуникациялық
технологиялар арқылы арттыру. Атап айтқанда, Ахуалдық орталық
макроэкономикалық көрсеткіштерді болжамдау, әлеуметтік-экономикалық даму
барысын мониторингтеу, талдау және болжау, қауіпсіздікті бағалау және
экономика, қаржы, демография, өнеркәсіп, ақпарат және басқа да
салалардағы тәуекелдерді басқару, қоғамдық-саяси ахуалды талдау
жұмыстарымен айналысады. Сондай-ақ бұл орталық шешімдерді орындаушыға
жеткізіп, оның орындалу барысын да қадағалайды.
Ахуалдық
орталықта арнайы әзірленген бағдарлама бойынша оқыған техникалық
мамандар мен сарапшылардан құралған 21 адам жұмыс істейді.