Батырхан Шүкеновке арналған «Жаңғырық» бейнебаяны таныстырылды

Батырхан Шүкеновке арналған «Жаңғырық» бейнебаяны таныстырылдыБүгін Gakku телеарнасының сайтында Әли Оқаповтың Батырхан Шүкеновке арнаған «Жаңғырық» композициясы бейнебаянының көптен күткен премьерасы болып өтті.

Еске сала кетейік, әннің өзі және бейнебаянның тизері бір апта бұрын шыққан.

«Жаңғырық» композициясын әнші шығармашылығын сүюшілердің көбі күткен. Әли Оқапов пен Батырхан Шүкеновтың бірігіп ән жазбақ екені көктемде белгілі болған. Бірақ қайғылы оқиғаға байланысты бұл жұмыс аяқталмай қалды.
«Мен бірлесіп ән жазуды ұсындым, ол келісті. Мәскеудегі жаңа студиясының фотосуреттерін, адамдардың байланыс нөмірлерін жібере бастады. Маған: «Жұмыс жасайық, бұл қызықты болады» деді. Өкінішке қарай, барлығы демо-нұсқасында қалды. Біз вокалды жазып үлгермедік. Шағын бірдене болса да, одан ән шығарар едім. Істі бастаған соң, ол Батырға ұнаған соң, мен бұл әнді аяқтап, оған арнаймын», - деді Ә.Оқапов Gakku телеарнасына берген сұхбатында.
Идеяның авторы - Исраил Сапарбаев, композиторлары Шырын Базарқұлова мен Әли Оқаповтың өзі болды.
Бейнебаянға Батырдың достары - Роза Рымбаева, Болат Сыздықов, Ренат Ғайсин, Ділназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова және JSC тобының солисі Абай Рақышев түскен.
Бейнебаянды жасаушылар Батырхан Шүкенов атындағы қорға ұсынған материалдар мен көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.
 
ЖАҢҒЫРЫҚ

Әнін шығарған Шырын Базаркулова, Али Окапов
Өлеңін жазған Исраил Сапарбай 

Уақыттың қанатынан
Қаймығады қара тұман.
Шаттыққа бастаған асқақ ән
Шақырады жер мен көктің арасын.

Қайырмасы:

"Кел, кел!" дейді қолын бұлғап,
Дауыстап дара шыңнан.
Өмір - жұмбақ,
Өмір - қымбат, 
Аты оның - Мәңгілік!

Ақ қауырсын желге ұшады,
Суымайды жер құшағы.
Тербетіп қазақтың даласын,
Ән жазады жүректердің жарасын. 

Қайырмасы:

"Кел, кел!" дейді қолын бұлғап,
Дауылдай аласұрған!
Өмір - жұмбақ,
Өмір - қымбат,
Аты оның - Жаңғырық!

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР / БЕЙНЕБАЯН 08 қазан 2015 г. 885 0