ҚАЗАЛЫДА АУДАН ӘКІМІ ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

ҚАЗАЛЫДА АУДАН ӘКІМІ ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ"Қарты бардың үйдің– қазынасы бар", – деп халқымыз ежелден қазыналы қартын қадірлеп, қасиет тұтқан. Осы үрдісті ұстанған аудан әкімі Нажмадин Шамұратов Халықаралық Қарттар күні ауданның бір топ ардагерлерінің басын қосып, дастарқан жайып, құрмет көрсетті.

«Наурыз» мейрамханасында бір дастарқанда біріккен алдыңғы буын өкілдері төл мерекелерін ерекше тойлатты. Алдымен аудан әкімі НажмадинШәкизадаұлы оларды айтулы мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді: – Еселі еңбекке, ерен ерлікке толы өмір жолдарыңыз және ақылшы қабілеттеріңіз әрқашан ұрпаққа үлгі-өнеге. Сіздердің қоғамдық-саяси өмірдегі белсенді бағыттарыңызға, игілікті істеріңізге ризашылықпен алғысымды айтамын. Жас ұрпақты патриоттық, отаншылдық рухта тәрбиелеуде Өздеріңіздің өнегелеріңіздің маңызы зор, –– деді аудан әкімі. Және алдағы күндері ардагерлердің демалуы үшін Қамбаш көлі жағасындағы пансионатқа жолдама берілетіндігін, бірінші кезекте 25 ардагерді жіберу көзделіп отырғандығын айтты.

Сонымен қатар мереке иелерін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Бекбанов, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагерлері Қ.Смағұлов, П.Мырзатаев, Қ.Асқаров т.б. құттықтап, ізгі ілтипаттарын білдірді. Сонымен қатар, барлық ардагерге сый беріліп, құрмет көрсетілді.

Әсіресе, бұл күні аудан басшысының құрметіне бөленген қариялардың жүзінен қуаныш пен ризашылықтың лебі байқалды. Себебі, қарттар қайта-қайта өз тараптарынан аудан басшысына өздеріне көрсеткен құрметі мен сый-сияпаты үшін ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Ардагерлерден құралған «Атамұра» ансамбліөнер көрсетіп, жиналған қауымды ән мен күйдің әуеніне бөледі. Бұл ретте аудан басшысы аталмыш ансамбльге ерекше алғысын айтып, өнер ұжымын одан әрі қолдайтындығын жеткізді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ауданымызда 6 мыңнан астам ардагер бар. Аудан ардагерлерінің денсаулығын түзеу, оларға жағдай жасау мақсатында аудандық аурухана мен теміржол ауруханасында арнайы ардагерлер бөлмесі ашылған.

Жыл сайын қарттарға Сарыағаш, Жаңақорған, Мерке, Көкшетау қалаларындағы шипажайларға демалуға тегін жолдама беріліп келеді. Және Қазалы қаласындағы «Шағала» тынығу лагерінде демалуға да мүмкіндік жасалған. Алдағы уақытта да мұндай игі істер жалғасын таба беретін болады.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 қазан 2015 г. 823 0