АРДАГЕРЛЕР МЕН ЖАСТАР БАЛЫҚ АУЛАП ЖАРЫСТЫ

АРДАГЕРЛЕР МЕН ЖАСТАР  БАЛЫҚ АУЛАП ЖАРЫСТЫҚармақшы ауданындағы «Иіркөл» көлінің жағалауында ардагерлер мен жастар арасында балық аулаудан жекелей бірін­шілік өтті. Қармақпен балық аулау сайысын ашқан аудан әкімі Сұлтан Мақашов шараның «1 қазан – Халықаралық қарттар күніне» арналып отырғанын жеткізіп, қатысушыларға сәтті­лік тіледі.

Жарыс ережесі де қара­пайым – кімнің аулаған балығы көп болса, сол жеңімпаз. Қа­тысушылар кент іргесіндегі көл­­дің жағасына жайғасқан соң, сәлден кейін-ақ «балық ілін­ді» деген қуанышты дауыс­тар шығып жатты. Балық­шылар көздерін қалтқы­дан айы­р­­май 3 сағат бойы жа­ғада отыр­ды. Сонымен, жеке­лей сында жеңімпаз атағы көл және өзен жағалауында қар­мақ салып демалғанды ұна­та­тын тәжірибелі балық аулаушы Әбраман Тұрғановқа берілді. Ол барша қатысушыларға берілген мерзім ішінде оннан аса балық аулап үлгерген-ді. Келесі орынды зейнеткер Болат Әбжәлиев жеңіп алды. Жүлдегерлер үш­ті­гін аталарына жол берген Нұрлыбек Ешманов түйіндеді. Жарыс жеңімпаздарына сый­лық­тар табыс еткен Қар­мақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашов: «Ардагер­леріміз қо­ғам­дық жұмыстарға белсене араласып, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып келеді. Отанды сүю­ді, бірлік пен бауырмалдық сынды құнды қасиеттерді біз аға буыннан үйрендік. Сол үшін де Сіздердің алдарыңызда басымызды иіп, тағзым етеміз. Тәуелсіз еліміздің жас буы­­нын патриоттық рухта тәр­бие­леуде ардагерлер жастарға жол көрсетіп, аталық ақыл-ке­ңестерің береді деген сенім­демін», – деді.

«Салмағы ең ауыр балық» аталымы бойынша Ғалымжан Ысқақов, «Дәмді сорпа дайын­да­ғаны үшін» аталымы­мен Жүніс Жаркеткенов және арнайы жүл­де­мен Жақан Тоқтаров марапат­талды. Жарыстың мақ­саты – дене мәдениеті мен спортты, салауатты өмір салтын насихаттау, – дейді табиғат аясын­дағы айрықша сайысты ұйымдастырушылар.

 

Рүстем АРЫСТАНБАЙ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қазан 2015 г. 839 0