Қызылордада сот мүгедек әкеге қорған болды

Қызылордада сот мүгедек әкеге қорған болды Кейбір адамдардың тәлім-тәрбие беріп, оқытып, адам қатарына қосып, енді олардың қызығын көретін жасқа келгенде ата-анасына жәбір көрсетіп отырғанын оқып, біліп жағамызды ұстадық. Бұл енді әр адамның отбасылық мәселесі десек те, қартайғанда баласынан қамқорлық емес, жапа шегіп, әділдікті сот жүйесінен іздегендігі туралы хат назарымызды еріксіз аудартты. 

Қызылорда қаласының тұрғыны, бірінші топ мүгедегі Әділхан Раев еліміздің Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәмидің атына жазған хатында жергілікті сотқа жүгініп, әділдік салтанат құруының арқасында, өзінің талап арызы толық күйде оң шешім тапқанын зор қуанышпен баяндайды. Оқиғаның мәніне келсек, Әділхан Абдукаликұлының Қызылорда қаласындағы Әуелбеков көшесінде орналасқан 41 үйдің 5 пәтерін және үйге қосымша құрылыс салуға арналған жер учаскесін сыйға тарту шарты негізінде немересі Ботагөз Датаеваның өз атына аударып алады. Бұл жөнінде хат иесі 2014 жылдың қыркүйек айында ғана білген. Яғни, Ә. Раевтың айтуынша, 2011 жылы немересі Б. Датаева мен үлкен қызы Жанар Датаева «сіздің атыңыздан салық комитетіне есеп тапсыру үшін сенімхат керек» деген желеумен оны нотариусқа алдап апарған. Ал шын мәнінде олар сыйға тарту шартын жасап, қағазға қол қойдырып алған. Содан кейін сол пәтерді дәмханаға айналдырып, жалға беріп қойған.
Пәтердің өз атында еместігін білмегенін Ә. Раев былайша баяндайды: «Қаражаттан қатты тарыққан соң, дәрі-дәрмегіме ақша қажет болып, «пәтерді жалға бергеннен түскен табыстан маған да көмектес» деп барғанымда, немерем Б. Датаева «менен ешнәрсе алмайсың, ол менің атымда» деп, ұрып-соғып, өзім үйінде тұрып жатқан кіші қызым Мадина екеумізді үйлерінен қуып шықты. Содан кейін нотариусқа келіп, «мен 2011 жылы қандай құжатқа қол қойдым» деп анықтағанымда сыйға тарту шартын жасатып, қол қойдырып алғанын бір-ақ білдім».
Одан әрі хат иесі бұл істің заңға сай шешілгенін атап өтіп, бүгінгі таңда елімізде, әсіресе, өңірлерде азаматтар арыз-шағымдарын қарау ісі дұрыс жолға қойылып отырғанына нақты мысал келтіреді.
«Қызылорда қалалық сотының судьясы Мадина Исахановаға бұл азаматтық істі қарау оңайға соққан жоқ. Себебі, пәтер жайлы дау әкесі мен қызының, атасы мен немересінің, апасы мен сіңлісінің, яғни жақын туыстар арасындағы дау болатын. Соған қарамастан М. Исаханова талап арызды жан-жақты, толық көлемде қарап, заңды ғана басшылыққа алып, әділ шешім қабылдады. Шешім шығып, менің алданып қалып, иелігімнен шығып кете жаздаған пәтерім өзіме қайтарылғанда, қуанышымда шек болған жоқ. Туған қызым мен немерем көзім көрмейтінін пайдаланып, пәтерді алып қоймақшы болғандары сот шешімімен бекітілді» дей келіп, Ә. Раев Қызылорда қалалық соты судьясының әділ шешіміне өз алғысын жеткізеді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қыркүйек 2015 г. 629 0