
Бүгін Қызылордада қала күнін мерекелеу
«Шұбат-қымыз» фестивалімен басталды. Ұлттық сусынды ұлықтаған шараға
қала мен аудандардың барлығынан шаруалар келіп қатысты. Фестивальде
аймақ басшысы Қ.Көшербаев қызылордалықтарды мерекелерімен құттықтады.
Бүгінде Сыр өңірінде қымыз-шұбатқа сұраныс
артып келеді. «Сондықтан қымызхана желілерін кеңейтіп, қымыз өндіру
технологиясын дамыту керек» - дейді мамандар. Расымен найзаның ұшымен,
білектің күшімен жерін де, елін де қорғаған қазақ баласы үшін арғымақ
аттың орны бөлек. Бүгінде жылқының сүті - ұлтымыз үшін қаржы табудың
көзі ғана емес, емдік қасиеті мол өнім саналады. Яғни, ұлттық брендке
айналып отыр.
Фестивальге 2 мың литр шұбат, 1500 литр қымыз және сүт өнімдерінен
жасалған құрт, ірімшік әкелінген. Сондай-ақ, қазақы нақышта дайындалған
қолөнер бұйымдары да көрме төрінен орын алды. Аймақ басшысы көрмені
аралап шығып, ұлттық сусыннан дәм татты. Мерекелік шарада қала жастары
«Қара жорға» биін билесе, ата-әжелер ұлттық дәстүрлерді көрсетті.
- Төрт түліктің төресі түйе мен Қамбар атаның сусындары түрлі
дертке дауа екендігін ата-бабамыз әлдеқашан дәлелдеген. Сол сара жолды
жалғап, бүгін қала күні мерекесін ақтан дәм татып бастап отырмыз.
Мерейлі мереке құтты болсын, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Фестиваль ұлттық ойындармен жалғасты. Балуандар белдесі, асық ату, гір көтеру, қол күресте мықтылар анықталды.
Жалпы, қала күні мерекесі биыл кең көлемде аталап өтіледі.
Қауын-қарбыз, кондитерлік өнімдер және балалар шығармашылығы фестивалі,
жас ақындар мүшайрасы, ауыл шаруашылық жәрмеңкесі, спорттық сайыстар
ұйымдастырылып, әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі. Қала күні
эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен қорытындыланады.