ҒАРЫШТАН ЖЕТКЕН СӘЛЕМ

ҒАРЫШТАН ЖЕТКЕН СӘЛЕМОсыдан сәл ғана уақыт бұрын дәл қазір зеңгір көкті шарлап жүрген қазақ ғарышкері өзінің Твиттер парақшасында Кас­пий теңізінің ғарыштан түсірілген суретін жариялаған еді. Жалпы халықаралық ғарыш стансасында Айдын айналысатын ғылыми сынақ жұмыстары қатарында ғарыштық мониторинг пен биотехнология жә­не биомедицина, физикалық сынамалар, еліміздегі экология жағдайы тұр.

Енді ғарышкеріміз осы сынақ аясында орындалатын «Дастарқан-6» ғылыми тәжірибесін жүзеге асырып жатқандығын жеткізіп отыр. Ол әлеуметтік желіге бұл туралы: «Дастарқан-6» экспериментін орындауға кірістім. Бірінші тағам – сублимация түріндегі қазақша ет. (…) Салмақсыз күйде тамақтанған үйреншікті емес. Ет дәмді, бірақ кебіңкі. Сорпа жетіспейді (…). «Дастарқан-6» экспериментін жалғастырып жатырмын. Таңғы асқа – сорпа мен құрғақ сүзбе», деп жазды. Айдынның бұл жазба­лары ғарыштан қазақ тілінде жеткен тұңғыш хабарлама екендігін айта кетейік.

«Союз-ФГ» зымырантасығышы биылғы 2 қыркүйек күні Астана уақыты бойынша сағат 10.38-де Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарышқа жол тартқан болатын. Оның экипажында қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, ресейлік Сергей Волков және Еуропа ғарыш агенттігінің астронавы Андреас Могенсен бар. «Союз ТМА-18М» кемесі 4 қыркүйекте Халықаралық ғарыш станасымен түйісті. Бүгін Андреас Могансен мен Айдын Айымбетов планетамызға қарай бет түзейді.

Е.ӘБДІР.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қыркүйек 2015 г. 704 0