Үстіміздегі жылдың 19-27 қазаны аралығында Польшаның Вроцлав қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өткізіледі. Аталмыш айтулы аламанға жерлесіміз, ауыр атлет Илья Ильин бапкер және менеджер ретінде қатысатын болды.
Бұл шешім спорт пен дене шынықтыру істері жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында мақұлданды. Оған Илья Ильиннің өзі де қатысқан еді. Сыр саңлағы бұған дейін әлем чемпионатында тек спортшы есебінде бақ сынап келді. Ол 2005, 2006, 2011 жылдарда әлем чемпионатында алтыннан алқа тақса, 2008 және 2012 жылдары Олимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ, ол 2006 және 2010 жылдары Азия ойындарында жеңімпаз тұғырынан көрінді.
Аталмыш дүбірлі додаға баратын спортшылар қатарында қызылордалық Алмас Өтешев те бар. Ол 94 келі салмақта ел намысын қорғайды. Қалған салмақтарда жігіттерде Тимур Хасаров пен Арли Чонтей (56 келі), Альберт Линдер (69 келі) Владимир Седов, Сергей Истомин мен Искандер Момынбеков (105 келі), Зелимхан Әбубәкіров (105 кг); қыздарда Галина Момотова (48 келі), Маргарита Елисеева (53 келі) Сәуле Сәдуақасова (58 келі), Карина Горичева (63 келі), Гүлназ Наурызова, Анастасия Халикова мен Жәзира Жапаркұл (69 келі), Мария Грабовецкая (75 келі) жарыс жолына шығады.
Осыдан екі жыл бұрын Франция астанасы – Париж қаласында өткен әлем чемпионатынан Қазақстан құрамасының спортшылары табысты оралған еді. Онда біздің еліміздің ауыр атлеттері жүлде алу жөнінен жалпыкомандалық есепте үздік үштіктен көрінген болатын.
Әділжан ҮМБЕТ.