
Кеше Қызылордада облыстық жергілікті қамтамасыз
етуді дамыту бойынша қауымдастығының алғашқы отырысы өтті. Жиында мұнай
сервистік компаниялар қызметінің өзекті мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев мұнай сервис
нарығындағы жағдайды қысқаша баяндап, жергілікті компанияларға экспортқа
шығу және өндірістерін әртараптандыру жолдарын қарастыруды ұсынды.
Облыс басшылығы жергілікті өндірушілерді қолдауға дайын. Дегенмен,
сапасыз өнім шығаратын жауапсыз кәсіпкерлерге қолдау көрсетілмейді.
- Мұнай сервизтік компаниялардың бұдан әрі жергілікті жерден
көлемді тапсырыс алуға мүмкіндіктері болмайды. Бәріңіз жақсы білетіндей,
өңірімізде мұнай қоры азайып барады. Демек, жұмыстар көлемі де төмендей
түседі. Сондықтан сырттан тапсырыс іздестіру қажет. Мысалы,
«ЖанРосДриллинг» ЖШС халықаралық нарыққа шығып Солтүстік Африкадағы
Алжир мемлекетінде жұмыс жасайтын болады. Қалғандарына да осы
компаниядан үлгі алу керек,- деді Қ.Көшербаев.
Компания басшылары бірқатар ұсыныс айтып, мұнай бағасы төмендеу
және теңгенің еркін бағамы ену жағдайында өз бизнестерін сақтап қалу
амалдарын қарастырды. Мәселен, болашақта жергілікті кадрларды оқыту,
аймағымызда қосымша өндірістер ұйымдастыру және мұнай сервистік
компаниялардың қызметтер санын арттыру мәселелері қарастырылады.
Анықтама: Жергілікті қамтамасыз етуді дамыту бойынша қауымдастығы
2015 жылдың наурыз айында құрылды. Қауымдастықтың негізгі мақсаты
отандық мұнай сервистік компанияларды біріктіріп осы саладағы өзекті
мәселелерді бірлесіп шешу.
Қауымдастық құрамында тауарлар, жұмыстар және қызметтерді жеткізуші 40 отандық компания тіркелген.