
Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылында қайта жаңғыртудан өткен «Шаттық»
бөбекжай балабақшасы салтанатты түрде қолданысқа берілді, деп хабарлады
аудан әкімінің баспасөз қызметі. Аудандық бюджеттен қаржы бөлініп,
заманауи үлгіде қайта жаңғыртылған 140 орындық балабақшаның ашылуында
облыс әкімінің орынбасары Р.Кенжеханұлы құттықтау сөз сөйледі.
– Елбасы тапсырмасына сәйкес, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен
қамту 2020 жылға дейін іске асырылуы тиіс. Осыған байланысты
аймағымызда көптеген жұмыстар жасалуда. Жаңадан балабақшалар бой
көтеріліп, бөбекжайлар қайта жаңғыртудан өткізілуде. Соның аясында биыл
жаңа оқу жылының қарсаңында 3 және 6 жас аралығындағы балаларды
балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізіп отырмыз. 2020 жылға тапсырма
Сыр елінде мерзімінен бұрын орындалғалы отыр,-деді Рауан Кенжеханұлы.
Айта кету керек, бүгінде сырдариялық балғындардың 90,4 пайызы
балабақшаға барады. Сондай-ақ, биыл аудан бюджеті есебінен С.Сейфуллин
ауылында 90 орындық балабақша құрылысы мен Қалжан ахун ауылында «Гүлдер»
балабақшасы ғимаратына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.