Қазалы ауданының әкімі денсаулық сақтау нысандарын аралады

 Қазалы ауданының әкімі денсаулық сақтау нысандарын аралады Бүгін Қазалы ауданының әкімі Нәжмадин Шамұратов Әйтеке би кентіндегі медициналық нысандарды аралап, олардың жай-күйімен танысты.
Жедел-жәрдем стансасы мен «Жетес би» жанұялық емханасында болып, ондағы жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары мен медициналық жабдықтарын бақылады. Сондай-ақ, клиникалық-диагностикалық емханадан ашылған ресурстық бөлме пен бала күтіміне байланысты реабилитациялық арнайы кеңес беру бөлмесін аралап көрді.
Теміржол ауруханасының жұмысымен танысу барысында Н.Шамұратов медицина қызметкерлерімен және науқастармен әңгімелесіп, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында атқарылар іс пен жауапкершіліктің зор екендігін атап өтті. Және аудандық перзентханада болып, ана мен бала денсаулығына айрықша көңіл бөлудің қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар, аудандық ауруханадағы терапия, хирургия, жүйке аурулары бөлімдерінде де болып, олардың материалдық-техникалық жарақтануымен және жаңа медициналық технологияларды енгізу жүйелерімен танысты. Және ауруханадан ашылған ардагерлер палатасын көріп шықты.
Сондай-ақ, аудан әкімі алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуді жетілдіру, халықпен байланыстың тиімділігін реттеу мәселелерін пысықтады.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 тамыз 2015 г. 1 001 0