Кәсіпкерлерге күтуден басқа жол жоқ

Кәсіпкерлерге күтуден басқа жол жоқҚызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының алаңында бір топ кәсіпкерлердің арызы негізінде мәжіліс өткізіліп, өзекті мәселелері талқыланды.

Кездесуге Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, сондай-ақ коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері қатысты.

Мәселе мынада. Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану, сондай-ақ аймақта шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында 2005 жылы қазіргі Қызылорда қаласы аумағына енгізілген Ақсуат ауылдық округінің «Қалғандария» өңірінен жеке кәсіпкерлікке негізделген шаруа қожалығын жүргізу үшін 100 гектардай жер учаскесі бөлінген.

Бүгінгі таңда, аталған жер учаскелерін сатып алған 20-ға жуық жеке кәсіпкерлер әрқайсысы өз шамаларына қарай шаруашылықтарын жүргізгісі келеді. Мұнымен қоса, «Қалғандария» қалаға жақын орналасқандықтан кәсіпкерлерге қала халқын күнделікті қажетті ет, құс өнімдері және экологиялық таза бақша өнімдерімен қамтамасыз етуге өте қолайлы.

Алайда тиісті инфрақұрылымның (жол, электр қуаты, аяқ су т.б.) жоқтығы кәсіпкерлердің бұл жоспарларын жүзеге асыруға қол байлау болып отыр. Сонымен қатар, аталмыш жер қаладан шыққан күл-қоқыс төгетін орынға және де құрылысқа қажетті құм алатын карьерге айналуда.

Қазір кәсіпкерлер «Қалғандария» өңірінің болашағы қандай болатынын білмей дал болуда. Кәсіптерін ұлғайтуға қаржы салайын десе, ертеңгі күні қаланың 2007 жылы бекітілген бас жоспарына сай шағын аудан немесе басқа бір құрылыстар салынатын болып мемлекетке қайтадан алып қою мәселесі туындай ма деп қауіптенуде.

Бұл мәселеге қатысты кездесуге келген жергілікті атқарушы орган өкілдері де тұщымды жауап бере алмады. Аталмыш жердің бас жоспарға енгізіліп, болашақта бұл аумақта шағын аудан бой көтеруі жоспарланғанына қарамастан түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленбеген. «Бұл мақсатқа әзір қаржы қарастырылған жоқ», - дейді мемлекеттік орган өкілдері. Сондықтан да шағын ауданның қашан басталатыны, бұл аумаққа инфрақұрылымның қашан келетіні де белгісіз.

Кәсіпкерлердің сауалы мен өтініштері әзірге ашық күйінде тұр.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 тамыз 2015 г. 638 0