ҚР Президенті «Қазақстан Барысы» жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевқа алтын «Тайтұяқ» тапсырды

ҚР Президенті «Қазақстан Барысы» жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевқа алтын «Тайтұяқ» тапсырдыБүгін Астанада өткен «Қазақстан Барысы-2015» қазақ күресінен Ұлт көшбасшысы - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесінің иегері Бейбіт Ыстыбаевқа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын тайтұяқты» табыс етті.

Бас жүлдемен қоса жеңімпазға турнирдің 150 мың доллар ақшалай сыйлығы тапсырылды. Жүлдені табыс ете отырып, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев бірнеше жылдан бері Тәуелсіздігіміздің нышаны ретінде қазақ күресі қайтадан жанданғанын атап өтті.

«Бұл біздің салтымызбен, ғұрпымызбен бірге қайнаған, ер балалардың ермегі болатын. Бабаларымыз күш сынастырып, өзара шыңдап, Отан қорғауға осылай балаларын үйрететін еді. Әр қазақ өз баласын күреске баулитын. Бұл содан қалған ұшқын қазір үлкен мерекеге айналып отыр. Ал сонау хандардан қалған салттың бірі жеңіскер палуанға тайтұяқ алтын тапсыру еді. Мен де осы салтты орындай отырып, Бейбіт Ыстыбаевқа жүлдені тапсырамын», деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Президент ұлт тарихында аты қалған Қажымұқан, Балуан Шолақ секілді палуандар бүгінгі ұрпақтың арасынан шығып жатқанына да қуанышты екенін жеткізді.

«Біздің күресіміз дүниежүзілік аренаға шығып, құрлықтарға тарап, қазақтың ұлттық күресі ретінде саналатынына сенімдімін. Солай болсын деп тілеймін. Күреске қатынасқан барлық облыстар мен аудандардағы палуандарды, бүгінгі күні кілемге шығып, күш сынасқан азаматтарымызды құшақтап тұрып, шын жүрегімнен құттықтаймын. Бұл еліміздің жүрегі, халқымыздың тірегі, ел ордасы - Астананың туған күні қарсаңында жасалып отырған үлкен құрмет. Осы палуандарымызды барша Қазақстан тамашалап көрді. Мерейлері толып, жұрт қазақ жігіттеріне сүйсініп отыр. Лайым осылай болсын! Қазақтың ұландары осындай сайыскер күшті болып, жаман әдеттен арылып, жақсымен жүрсін! Мен осы күресті шын жүрегімнен қолдаймын. Болашақта өркені өсіп, аясы кеңейе түседі деп сенемін!», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы турнир жеңімпаздарымен бірге суретке түсті.

Еске сала кетейік, Бейбіт Ыстыбаев 2012 жылы да осы атақты жеңіп алып, арада үш жылдан соң осы жеңісін қайталап, 2015 жылғы «Қазақстан барысы» атанды. Сонымен қатар, Руслан Әбдіразақов күміс жүлдегер, астаналық Ғани Сейділдаев қол жүлдегер атанды.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 шілде 2015 г. 756 0