
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының «Көбелдес», «Ақсеңгір» және
«Ынтымақ» шаруа қожалықтарына тиесілі 250 бас асыл тұқымды қой мен қозы
шығынын анықтау мақсатында мамандар сараптамалық зерттеу жүргізуге
кірісті. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Өлген
малдардың 90 пайызы - 4-5 айлық төлдер. Қазіргі таңда мал шығыны
тоқтаған. Осыған сәйкес аталған мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында
арнайы комиссия құрылып, аталған шаруа қожалықтарының жағдайымен
танысып, жұмыстар жүргізуде.
Облыстық ветеринариялық
зертхананың мамандары ауырған малдан жұқпалы ауруларға қарсы
патологиялық үлгі және ошақтағы шөптен, топырақтан, судан үлгілер алды.
Сараптама нәтижесі 10-15 күнде анықталады. Бұдан бөлек, жағдайы
нашарлаған тағы 250 бас мал оқшауланып, бақылауға алынған. Көршілес
орналасқан отарлардың малдары аман. Ал ауырып тұрған малдарды
антибиотиктермен және қан сарысуларымен емдеу жұмыстары жүргізілуде.
Ауырып
тұрған малдардың клиникалық белгілері: ауыз, танау қуыстарының шырышты
қабаты қабынған, ентігу, көбікті сілекей бөліну, арасында тынысы ауырлап
жөтелуі, төлдердің өкпе ауруы байқалады.
Сондай-ақ мамандар
аптап ыстыққа байланысты малды салқын кезде жайып, күндіз көлеңкеде,
судың жағасында ұстауға, бір отардағы мал басын 400-500 бастан асырмауға
кеңес береді.