Қызылордалық жас спортшылар республикалық чемпионатта 4 жүлде еншіледі

Қызылордалық жас спортшылар республикалық чемпионатта 4 жүлде еншіледіАқмола облысының Степногорск қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатында қызылордалықтар жүлделі оралды.

Олар барлық 450-дей спортшы қатысқан тартысты жарыста 4 жүлдені еншіледі, деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.

Атап айтсақ, Сырдария ауданының тумасы, 66 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Дәулет Хабибуллаев пен жалағаштық Арайлым Оразбай 63 келіде ел чемпионы атанды. Жалағаштық Жанболат Саматұлы 50 келіде Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін иеленді. Айта кетейік, үш спортшы да қазіргі таңда Жалаңтөс Баһадүр атындағы облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта жаттығады.

Ал №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінен сынға түскен Бибіхан Нәбиева 40 келіде үшінші орынды иеленді.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан чемпионы атанған Дәулет пен Арайлым үстіміздегі жылы болатын Еуропа кубогына, Азия балалары және Еуразия ойындарына жолдама алды.

Спортшыларды жарысқа Арман Молдаханов, Ришат Бурлов, Гаухар Бекетаева және Жасұлан Қауысов дайындады.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 маусым 2015 г. 702 0