Мифолог-ғалым Серікбол Қондыбайдың шығармашылығына арналған конференция өтті

Мифолог-ғалым Серікбол Қондыбайдың шығармашылығына арналған конференция өттіА.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде қазақ мифологиясының негізін салушы ғалым шығармашылығына арналған «Серікбол Қондыбай зерттеулеріндегі ұлттық рухани мұраларды жаңаша пайымдау мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық мәжілісі өтті.

Конференцияға Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе қалаларынан белгілі ғалымдар, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлары мен докторант, магистранттар және облыстың зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиын мақсаты - Қазақ мифологиясының негізін салған, соңына мол мұра қалдырған мифолог-ғалым Серікбол Қондыбайдың шығармашылығын зерттеу және оның әлемдік және отандық мәдени мұралардағы алатын орнын айқындау.

Конференцияның ашылу салтанатында Қызылорда облысының әкімі, саяси ғылымдарының докторы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев қысқа ғана ғұмырын туған халқының руханиятын көтеруге арнап, артына құнды мұра қалдыра білген дара тұлғаның есімі қашанда бүгінгі жастарға үлгі-өнеге екенін атап өтті.

Сонымен бірге, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов университеттің ғылыми бағыттары аясында Серікбол Қондыбай мұраларын жүйелі зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғандығын жеткізді.

С.Қондыбай әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университетін геоморфолог мамандығы бойынша тәмамдаған. Ғалым 1995 жылы жол апатына ұшырап, арбаға таңылса да тағдырға мойымай, тарих, фольклор, мифогеография, лингвистика, археология, этнографияны ғылымның күрделі саласы мифологиямен байланыстыра зерттеп, бірнеше ғылыми еңбектер жазды.

Конференция барысында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әнес Ғарифулла Қабдолқайырұлы «Серікбол Қондыбай еңбектеріндегі этимологиялық болжамдар», Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Ниетжан Берікұлы «Серікболдың қазақ ділі мен тілі туралы кейбір көзқарастары», Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Философия және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Бермаханов Оңғар Бермаханұлы «Серікбол Қондыбайдың мифологиялық әлемі» тақырыптары бойынша баяндамалар жасады. Сондай-ақ өзге де ғалымдар біртуар азаматтың артында қалған мол ғылыми, рухани мұрасына жан-жақты талдау жасады. Сонымен бірге, конференцияға қатысушылар «Ұлт рухын ұлықтаған - Серікбол Қондыбай» тақырыбындағы көрмемен танысты.

Конференцияда қабылданған ұсынымдар бойынша алдағы уақытта С.Қондыбай мұрасын зерттеп-зерделеуге қатысты, ғалымның есімін жастар арасында кеңінен насихаттап, жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар қолға алынбақ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 маусым 2015 г. 1 079 0