Балаларды көлік қағу дерегі азаяр емес. Жыл басынан бері Қызылорда облысында 134 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның әр 5-сі оқушылардың қатысуымен болған.
Аймақ сақшылары «Абайлаңыз, балалар!» атты профилактикалық іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруда. Балғындардың қауіпсіздігіне бағытталған шара қоңыр күзге дейін жалғасады.
«Жигули» көлігінің иесі «ақырын жүріп, анық баспай», әп-сәтте 2 баланы қағып кеткен. 8 жасар Әлішер мен 4 жасар Еркеназ сол көше бойында қыршын кете барды. Жаңақорған ауданында орын алған жантүршігерлік оқиғаға байланысты іс қозғалуда.
Алтынбек Ахметов, Әкімшілік полиция басқармасының басшысы:
- Осы жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізуші қазіргі таңда уақытша ұстау абақтысына қамалды. Кінәсі дәлелденген жағдайда, оған 5 жылдан 10 жыл мерзімге дейін сот органдарымен бас бостандығынан айыру шарасы қолданылуы мүмкін.
Жалпы, өткен 5 айда жол апаттарынан 5 бала қыршын кетіп, 22 балғын түрлі жарақат алған. Жазғы демалыс кезінде балалардың көлік астына түсуі жиілеп кететін жылдағы әдеті. Осы ретте сырбойылық сақшылар оқиғаның себебін анықтап қана қоймай, салдарын жою үшін күшейтілген кесте бойынша іске кірісті. Жол-партульдік қызмет экипаждары лагерь, сауықтыру орталықтары және балабақша маңын торуылдап, ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Қазір жедел іс-қимыл нәтижесінде жол-көлік оқиғалары 5,5%-ға азайып отыр. Профилактикалық шара аясында өңірдегі барлық автомектептер тексеруден өткізіледі. Тәртіп сақшылары жүйелі жұмыстар жас өрендер өмірін сақтауға сеп болатынына сенімді.