Бес жүз теңгеден басталған бизнес

Табыс формуласы

Бес жүз теңгеден басталған бизнесСыр өңірінде «Аквалайн» таза суын шығарып, халыққа ұсынған іскер азамат, қалалық мәслихат депутаты Ғалымбек Жақсылықов жетістікке қалай жетті? Толағай табысының кілті неде? Осы турасында кейіпкерімізбен әңгімелескен болатынбыз. Кәсібін кішкентай нәрседен бастап, бүгінде елге танымал іскерге айналған кейіпкеріміз әңгіме үстінде ағынан жарылды.

– Халықаралық IKEA компаниясының негізін қалаушы Ингвар Кампрад жастайынан сіріңке, қарындаш сатқан екен. Ал, ағылшындық Fulham клубының қожайыны Шахид Хан ыдыс жуып күн көріпті. Қарап отырсақ, кез-келген кәсіпкердің бизнестегі алғашқы қадамының қызығы мен шыжығы мол болып келеді. Сіз де бизнесті нөлден бастаған адамсыз. Осы ретте, ең бірінші бизнес жоспарыңызды еске алып өтесіз бе?

– Сөзіңіздің жаны бар. Кәсіпті бастау оңай, бірақ екінің бірі қолға алған жұмысын жалғастырып кете алмайды. Алғашында көпшілік кәуәпты сүйіп жейді ғой деп өз қолыммен жасап саттым. Сырткөзге оңай көрінгенмен, бұл кәсіптің қыр-сыры мен машақаты мол екен. 1999 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіріп, қолыма диплом тиместен осы бизнесті бастап кеттім. Қалалық жағажайдан жалға жер телімін алып, жазғы кафе ұйымдастырдық. Өзім кәуәп дайындап, пісіре алмаймын. Әуелі кәуәп әзірлеудің тәсілін біледі-ау деген досыма қолқа салып, он келі етімді маринадтатып алдым. Ертесіне азанда етті жағажайға апарып, бетін ашып қалсам, иістеніп кетіпті. Сөйтсем, ол жігіттің өзі де онша білмейді екен. Сосын кәуәп пісірудің хас шебері болған бір кісімен келісіп, ақысын төлеп, үйреніп алдым. Сонымен жаз бойы кәуәп пісіріп саттық. Пайдаға кенеле алмадық. Керісінше шығынға баттық.
– Қалайша?
– Сол жылы жазда күн салқындау болып, дарияға суға түсуге адам аз келді. Жел, жауын-шашын көп болды. Бірақ біз жазғы маусым аяқталғанға дейін жұмыс істедік.
– Білуімше, бизнес ашып, сәтсіздікке ұшырау – заңды құбылыс. Ең бастысы, сол сәтсіздіктерді жеңе білуде емес пе?
– Әрине, әлемге танымал Билл Гейтс, Стив Джобс секілді миллиардерлердің алғашқы кәсіп көздері сәтсіз аяқталған. Бұлармен менің шағын кәсібімді салыстыруға келмес, десек те түсінік ретінде, тәжірибе ретінде айтып, үлгі алуға болады. Билл Гейтстің әріптесі Полл Алленнің: «Қаладағы кептелісті жоюға септесетін Traf-O-Data құрылғысын ойлап таптық. Ол – біздің бизнестегі бірінші қадам еді. Бірақ құрылғы нашар болды. Бұл сәтсіздік құнды тәжірибе болды, себебі ол бірнеше жылдан кейін Microsoft компаниясын құруға жасалған дайындық еді», – дегені бар. Сол секілді «Аквалайн» брендін қалыптастыруда бұрынғы сәтсіздіктер мен тәжірибелер пайдасын көп тигізді. Мен нағыз кәсіпкер ретінде ойлануды, қиындыққтарға төтеп беруді үйрендім. Мысалы, жаз бойы кәуәп пісіріп сатып, табыс таба алмасам да салым суға кетпеді. Сол жылы күзде үйленіп, отау құрдым. Артынша, Қызылжармада 14-ші қоғамдық көліктің соңғы аялдамасы маңынан шағын дүкен аштым. Енді жұмысқа сақ қарап, әрі өзіме сенімділікті күшейттім. Базардан ең алғаш 500 теңгеге құрт, пикник, альбени, сағыз сияқты заттар әкеп, дүкеншіктің бір терезесін ашып қойып саттық. Күндіз кішігірім саудамен, кешке каратэмен айналыстым. Дүкенде келіншегім де, інілерім де кезектесіп тұратын. Екі-үш ай өткенде 800 теңгеге зат әкеп сататын жағдайға жеттік. Бара-бара 1000-ға көбейттік. Ынталана түстік. Алғаш рет күні 1200 теңгенің өнімін өткізгенде қуанышымызда шек болмады. Бұл біз үшін үлкен жетістік болып көрінді. Кейін дүкенге зат сыймай кетті.
– Олай болса, «кәсіпке 500 теңгемен қадам басқанмын» деуіңізге болады екен ғой…
– Иә, солай десек болады. Өйткені, дүкеннің саудасы жақсы жүрді. Бізге ол тарлық еткесін, үлкейтудің қамына кірістік. Құрылыс материалдарының барлығын бірдей сатып алуға қаражат жетпеді, сондықтан қарыздануға тура келді. Қам кірпішті өзім бастым. Арасында ағаларым қол ұшын созды. Он үш жарым мың кірпіш бастық. Құрылыстың басы-қасында әкем жүрді. Дүкен мен шағын кафені әупірімдеп жүріп бітіріп, жаңа жылға қарсы аштық. Ал бір жыл өткеннен кейін барып, дүкеннің саудасы өз арнасына түсті. Дүкеннің атын әкем «Тентек» деп қойды. Кейін оны бұдан да үлкен етіп салу керек болды. Сөйтіп, 2012 жылы дүкенді бұзып, қайта тұрғыздық.
– Бүгінде «Аквалайн» суы аймағымызда, өзіңіз айтқандай, брендке айналғаны белгілі. Жалпы, суды сүзіп, тазартып сату идеясы қалай туды?
– Су – тіршілік нәрі. Суы таза елдің денсаулығы да, тіршілігі мардымды болмақ. Бұл талай жылдардан бергі зерттеу нәтижесі. «Аквалайн» серіктестігінің жұмысы 2003 жылы басталған еді. Ол кездері таза судың ағзамыз үшін қаншалықты маңызды екенін біле бермейтінбіз. Дәрігерлер біздің өңірімізде бүйрек, бауыр ауруларының өршіп тұрғандығы туралы жиі айтып, дабыл қақты. Мен алғаш рет өңіріміздегі ауызсудың тазартылғаннан кейінгі өңін көргенімде кәдімгідей таңқалдым. Сол уақытта республикамызда Қызылорда мен Атырау өңірінің су сапасы сын көтермейтін. Суды сүзіп, тазалап сату туралы алғаш ойлағанда пайдадан гөрі халықтың денсаулығы алаңдатты. Өңіріміздегі таза суға деген сұранысты алғашқы болып «Аквалайн» қалыптастырды десем қателеспеймін.
– Бастапқыда қара судан тиын құрау қиын болған шығар?
– Кәсіпкерлерден ақыл-кеңес сұрай барғанда көбісі қолдай қоймады. «Қызылордада суды кім сатып алар дейсің», – деп кәсібімнің келешегіне күмәнмен қарады. Енді біреулер: «Сендер бара-бара ауа сататын шығарсыңдар», – деп мазақ келеке қылды. Бұған менің тауым шағылмады. Өйткені, бизнесті бастамас бұрын нарықты тыңғылықты зерттедім. Өз-өзіме сенімділікті арттырғаннан кейін «өзгелердің күмәнді пікірі мен үшін шындыққа айналмауы тиіс» деген ой қорыттым.
– Сонда оны қалай жарнамаладыңыз?
– Бизнесті бастаған уақытта мекемеде төрт қызметкер жұмыс істеді. 2005 жылы үлкен көлемде банктен несие алдым. Ол кезде несие алудың өзі ұзақ та қиын жұмыс еді. Содан кейін «несиені төлей алмай қалсам қайтемін?» деген ойды өзімнен аулақ ұстадым. Абыройсыздыққа тап болмас үшін тыным таппай еңбек еттім. Ол жылдары «Аквалайн» суынан қызылордалықтар бейхабар. Тек жұмыс кеңсеміз ғана бар, қалғаны жоқ десек те болады. Жиһаз, оргтехника дегенді ойлағанмен алуға шама жоқ болды. Жарнамаға да қаражат жоқ. Сондықтан, екі тілде қазақша-орысша жарнамалық мәтін жазып, ксерокстан көбейтіп, адам көп жиналатын жерге шырттай киініп барып, тараттық. Күн сайын осылай табан тоздырдық. Жарты жыл өткенде төккен теріміз ақтала бастады. Шындығына келсек, алғашқы екі-үш несиеден құтылу үшін жұмыс істедім. Бизнес табандылықты қажет етеді. Кәсіп бастағанда ол бірден гүлденіп кетпейді. Ыстығы мен суығына шыдау керек. «Аквалайн» үш жыл дегенде аяққа тұрды.
– Ақшаны үнемдеу әрбір адам, әсіресе кәсіпкер үшін қай кезде де өзекті емес пе? Бұл туралы не айтасыз?
– Дінде де «Сараң болма, ысырап та етпе!» деген сөз бар. Үнемшілмін, бірақ шық бермес шығайбай емеспін. Әлеуметтік жобаларға, қайырымдылық шараларға үн қосуды адамдық борышым деп санаймын. Жалпы, қаражатты орнымен жұмсауға жастайымнан өзімді баулығанмын. Мысалы, бизнес бастағанға 1995-97 жылдар аралығында өңірлік «Темірхан.ТВ» телеарнасында қылмыстық істердің, тәртіп бұзушылықтардың ашылуының басы-қасында жүріп, журналистік репортаждар жасадым. Ол кезде студентпін. Кейде университеттен кеш шыққанда қала ортасынан Қызылжармаға жаяу тартатынмын. Жолақы 15 теңге сол уақытта, қалтада ол да болмайтын. «Бір айда бір өзіме қанша шығын кетеді екен, сосын мен сондай табыс табуым керек» деген ой келді де, шығындарды жазып отыратын журнал арнадым. Сол журнал әлі күнге дейін үйде сақтаулы. Сөйтіп, телеарнаға қылмыс хроникасы туралы тележоба ұсынып, абырой болғанда, оны басшылық мақұлдап, жұмысқа қабылдандым. Аптасына бір рет қаладағы нашақорлық, оқушылар арасындағы жаппай төбелес секілді мәселе жайлы хабар түсірдім. Телеарна небәрі екі-ақ жыл жұмыс істеп, жабылып қалды.
– Сосын не істедіңіз?
– Бір жылдай қоғамдық көлікте кондуктор болдым.
– Телеарнадан көрініп жүріп, автобуста кассир болуға намыстанбадыңыз ба?
– Көз көргендер, сырттай танитындар автобустан көргенде, тесіліп қарап қалатын. Солай назар салғандарды сезіп тұрсаң, өз-өзіңнен қысылып кетесің. Бірақ барынша мән бермеуге тырыстым. Өйткені, адал еңбек етуден арлану – сасық намыс.
– Бизнестегі ұстанымыңыз қандай?
– Бизнес адалдықты қалайды. Егер мен адал болсам, халық сенеді. Әрбір істе адалдықты ту еткеннің арқасында толағай табысқа толы талай тірлік тындырылды. Мекемемізде жұмысшылардың қатары 60 адамға жетті. Жыл санап қызмет көрсету сапасын да ілгерілетіп келеміз. Республикалық «Алтын сапа» байқауында Елбасымыздың «Алғыс хатымен» марапатталдық. Бұл біз үшін үлкен мәртебе, еңбегіміздің еш кетпегені.
– Ал жұмысшыларға қояр талабыңыз қандай?
– Адалдық, шынайылық және ынталылықты талап етем. Бәрін білетін адамнан гөрі, ынтасы бар адамды жұмысқа қабылдаған тиімді.
– Сіз каратэ-додан қара белбеудің иегерісіз. Спорттың бұл түрін қалай меңгеріп жүрсіз?
– Әкемнің күн сайын ерте тұрып, жүгіретін әдеті бар еді. Оның үстіне, ол кісі кезінде бокспен де шұғылданған көрінеді. Содан менің спортқа деген қызығушылығым оянды. Әсіресе, каратэге қатты қызықтым. 1990 жылдардың бас кезі «Титов» қыстағында мектепте каратэ үйретеді дегенді естіп, іздеп бардым. Алғашқыда ақша болмай, айлық жарнаны төлей алмағандықтан жаттықтырушым Бақберген Әлімбетов талабымның зор екенін сезіп, мені тегін қатыстырды. Содан басталды да кетті спорттық мансабым. Өзім де шәкірт тәрбиеледім. Жаттықтырған спортшыларым облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарды. 2001 жылы қара белбеуге қол жеткіздім. 2009 жылы жаттықтырушылықты қойдым. Уақыт тапшы болды. Бірақ 2005 жылдан бері облыстық каратэ-до және күрес өнері федерациясын басқарып келемін.
– Спортқа қайта оралуыңыз мүмкін бе?
– Мүмкін. Себебі, спортты сағынамын. Шәкірт тәрбиелеу – ең ізгі іс. Жүрегім содан жай тауып, рахатқа бөленеді. Каратэ-до спорты адамның жан дүниесін байытып, жат қылықтардан ада қылады. Болашақта спорт зал салу ойымда жүр. Ол күнге де Құдай жеткізер.
– «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген. Сіз өзіңізді келешекте қандай биіктен көргіңіз келеді?
– Жақында студенттермен жолықтым, олардан күнделікті жоспарын және «болашақтың күнтізбесін» сұрадым. Өкініштісі, басым көпшілігі жоспар құрмайды екен. Жоспарлы ісі болмағандықтан адамның уақыты босқа кетеді. Маңызды істі кейінге қалдыратын адам жаныққанда «бір-ақ секіріп мінем деп, бір-ақ секіріп түсем» (Абай) деп қысқа уақытта орындауға ұмтылады, тамыр-таныс іздейді, шала бүлінеді. Мұндайлар кейін өкініште қалуы мүмкін. Ең жаманы сол. Мақтанғандық емес, өз басым жоспар құрам. Негізгі үлкен мақсатыма жету үшін жолдағы кішігірім мақсаттарды уақытылы бағындырып отыруға тырысамын. Жоспарлы шаруаны орындасам, уақыт та, қуат та босқа кетпейді. Ал жоспарсыз істерді, кездейсоқ табыла кететін шаруаларды ескеріп, оларды да еңсеріп отырған жөн. Өмірде де, бизнесте де бұл қағида ауадай қажет. Егер кәсіпкерлік жағынан келсек, өзім бірнеше ірі өндіріс ашқым келеді. Бұдан қаншама адам тұрақты жұмыс табады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның экономикасының өрістеуіне елдің азаматы ретінде үлес қосқаным болар еді. Осындай биік мақсатым бар.
– Жаңа кәсіп бастағандарға қандай кеңес бересіз?
– Табыс түссе, оны кәсіпті өрге сүйреуге жұмсаңыз дер едім. Кейбіреулер қалтасы сәл қампайса, қымбат шетел көлігін алып, коттедж салып көкірегін керіп жүреді. Ал оның бизнесі кейін тұралап қалады. Неге? Себебі, көлік жанармайсыз жүре алмайтыны секілді, бизнесті ұстап тұру үшін тапқан табысты қайта құйып отырмаса, ол адам баяғы таз қалпына қайта түседі. Сонымен қатар, жетістікке жеткен адамға қызғанышпен емес, үлгі позициясынан қарау керек. Әйтпесе, адам кәсіби тұрғыда өспек түгілі рухани мешеу болып қалады. Әр адамда ешкімге ұқсамайтын жақсы қасиеті болады, соны байқап, үлгі ала білуіміз керек.
– Әлеуметтік желіде белсенділігіңіз жоғары. Бәзбіреулер құсап, ішкен-жегеніңізді айтпай, облыстағы, қоғамдағы, кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді күн сайын жазып, ой тастап отырасыз...
– Менің жұмысым халықпен тікелей байланысты. 2012 жылдан қалалық мәслихаттың депутаты болғалы Қызылжарма сайлау округының әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өсіп-өркендеуіне қал-қадірімше ықпалымды тигізудемін. Осы кезге дейін елдімекеннің, одан қалды кәсіпкерлік саласындағы күрделі мәселелермен, бюрократиялық кедергілермен бетпе-бет келіп, тығырықтан шығар жол табуға күш-жігерімізді жұмсап жатырмын. Кәсіпкер және депутат ретінде елдің игілігі үшін ашық түрде аянбай жұмыс істеуге міндеттіміз. Осы тұрғыда әлеуметтік желі өз ойымызды ортаға салатын алаң. Негізі депутат ретінде әр ай сайын бір рет қоғамдық қабылдау өткізуім керек, бірақ мен оған қарамай сайлаушылардың өтініш-тілектерін тыңдау үшін бірнеше мәрте кездесіп тұрамын. Қазіргі заманның жағдайында кейбіреулердің қабылдауға келуге уақыты бола бермейді. Ал олар мені әлеуметтік желіден табады. Кейде осылай сайлаушылардың сауалын, мұң-мұқтажын әлеуметтік желіден оқып, оған назар салып, лайықты жауап беруге, қолдан келсе шешуге ықпал етемін.
– Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесіне мүшесіз. Айтыңызшы, Сыр елінде іскерлік тап қалыптасып келе ме?
– Іскер азаматтардың қатарын көбейтуде кәсіпкерлік палатасының рөлі жоғары. Палата халықтың кәсіпкерлік саласында сауатын ашуға көмектеседі. Оның нақты нәтижесін көзбен көріп отырмын. Бұрын біз несие алу үшін, құжаттарды рәсімдеу үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыратынбыз. Түрлі қиыншылықтарға тап болатынбыз. Ал қазір мұндай келеңсіздіктерге ұрына қоймайсыз. Бизнеске байланысты барлық мәселені осы палатаға келіп шешуге мүмкіндік бар. Тіпті, бүгінде аудан, ауыл кәсіпкерлеріне де қол ұшын беріп жатыр. Осы қарқынмен кете берсе, болашақта облыста кәсіпкерлер қатары артып, іскерлік тап бұқаралық сипат алатыны анық. Сонда экономикамыз қуаттанып қана қоймай, сыбайлас жемқорлық та азаяды. Өйткені, нағыз біліктілік пен іскерлік жүрген жерде әділдік орнайды.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Әңгімелескен – Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР / ТАҒЫЛЫМ 04 маусым 2015 г. 1 665 0