« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Әдемі әнімен, сыршыл үнімен миллиондардың жүрегін жаулаған бірегей тұлғаны өткен айдың басында күллі қазақ аза тұтып, ақтық сапарға шығарып салған еді. Алайда арыстай азаматтың мәңгілік сағынышқа айналғанына әлі күнге ешкімнің де сенгісі келмейтіндей...
– Мен үшін құрсағымнан шыққан үш
баламның орны бірдей болғанымен, Батырханым басқаларға қарағанда бәрібір
бөлектеу еді. Өзгеше болып өсті, өзгеше өмір сүрді, өзгеше болып
арамыздан кетті. Кішкентайынан алғырлығымен, елгезектігімен көзге
түсті. Балаларымның ішіндегі еті тірі, зерегі болды. 1 сыныптан
музыкалық мектепте дәріс алып, өнерге деген құштарлығы, табандылығы әу
бастан-ақ байқалды. Сабақтан кейін мұғалімнің үйінде дайындалып, түн
жарымында бір-ақ келетін. Бір уақыт балалармен бірге ойнап, далада бос
жүру дегеннің не екенін білген жоқ. Ағалары да жастайынан музыкамен
айналысты. Әрқайсысы ертелі-кеш бөлмелерінен шықпай, өз шаруасымен
шұғылданып жататын. Отбасымызға қонаққа келген кісілер «ойпырым-ай, осы
үйдің балаларының дыбысы естілмейді. Өздері үйде ме, әлде бір жаққа
кеткен бе?» деп таңғалатын. Батырым ешқашан еңбектен, қара жұмыстан
қашқан емес. Комсомол ұйымының нұсқауымен сақпанға, шөп шабуға баратын,
қой қырқудан да қалған жоқ. Кейін Ленинградта, Алматыда білім алды.
Розамен бірге бірталай жерді аралап шықты. Жеке топ құрды. Ақыр аяғында
Мәскеуге кетті. Жат қалада жағдайлары мәз болмаған уақыттарын несіне
жасырайын, бірталай қиындық көрді. Әйтеуір Құдай көмектесіп, жолында
жақсы адамдар кездесті.
Қазір ойлап қарасам, 1981 жылдан бері үнемі далада жүріпті. Барлық өмірі
сыртта өтті. Қолы тигенде үйге келіп-кететін. Бірақ жердің түбінде
жүрсе де, екі күн өтіп, үшінші күн дегенде міндетті түрде телефон
шалатын. «Мамуля, не істеп жатсың?» деп жағдайымды сұрап, біліп
отыратын. Менің жүрегімнің дімкәстігі бар. Кейде жаным қысылып, жедел
жәрдем шақырып, абыр-сабыр болып жатқанымызда хабарласып қалады.
«Қалайсың?» дегенде, «жақсымын» десем, «өтірік айтасың, ауырып отырсың
ғой» дейтін көріп тұрғандай. Сонда «ешкім айтпаса да қайдан біліп
қойды?» деп таңғалатынбыз. Алыста болса да үйде не болып жатқанын
сезетін. Менің денсаулығымды қатты уайымдайтын. Қай жерде қандай жақсы
дәрі бар, соны міндетті түрде әкелетін. Аузымнан не шықса да бұлжытпай
орындайтын. «Біздің елімізде мұндай заттар кездесе бермейді» деп барған
елінен сақина, жүзік, әшекейлер сатып алатын.
Баламды ойлап, сағына бастаған сәттерімде теледидарды қосып қалсақ,
жарқ етіп шыға келетін. Үйдегі балаларым «сіздің сағынғаныңызды біліп,
әдейі көрсетіп жатыр» деп күлетін. «Один в один» бағдарламасын үзбей
тамашаладық.
Алматыға, Астанаға бір-екі күнге ұшып келсе, бір-екі күн қасында болып,
мауқымды басатынмын. Қызылордаға да жиі келіп тұрды. Уақытының
тығыздығына қарамастан, туысқандарды аралап, амандасып шығатын. Үйге
қонақ шақырғанды дұрыс көретін. Қайырымдылығын, мейірімділігін
айтсаңызшы. Қалтасында соңғы тиыны болса да, соны мұқтаж жандарға
ойланбай бөліп беретін. Жағдайы жоқтарға жәрдемдескенді жақсы көретін.
Өзімде болсын демей, жұртта болсын дейтін. Алайда жасаған жақсылықтары
туралы жақ ашпайтын. Игі істерін жариялап, жарнамалап жатқанды
ұнатпайтын. Бауырмалдығы бір төбе. Аға-қарындасына үнемі еркелеп
сөйлеп, еркелетіп жүретін. Жан баласына қабақ шытпайтын. Үлкенмен де,
кішімен де жайдары сөйлесетін. Біреуге ренжуді, біреуді ренжіту дегенді
білмей кетті...
Жаманат хабар болатынын сездім...
– Соңғы рет 24 сәуірде Қызылордада бір туысқанымыздың тойы болып,
Мәскеуден ансамбліндегі музыканттармен бірге ұшып келіп, қатысты 25-і
күні үйге қонақ шақырып, саксофоннан дәріс берген алғашқы ұстазын күтті.
Сыртқа шығып қалсам, екеуі әңгімелесіп тұр екен. Леонид ағайының қолына
ақша ұстатып, қоярда-қоймай алғызып жатты. «Мама, олар 50 мың айлықпен
күн көреді. Бала-шағасына обал ғой, өздері пәтер жалдап тұрады. Кішкене
көмек болсын дегенім ғой» деді. Сол күні кешкісін Астанаға ұшып, әрі
қарай Мәскеуге кетті. Сейсенбі күні телефон соғып, дайындыққа кіріп бара
жатқанын айтты. «Жеті сағаттан кейін босаймын, кешкі онда өзім
хабарласамын» деген еді. Алайда балам айтқан уақытында телефон шалмады.
Оларда сағат он жарым болса, бізде түнгі екі жарым болып қалған кез. Түк
ұйқым келмей қойды. Жүрегім бір жамандықты сезгендей, өрекпіп, байыз
таппады. Бір жаманат хабар еститін сияқты, терезеден сыртқа қарадым да
отырдым. Үйдегі келін-балам «неге ұйықтамай отырсың?» деп сұрады.
«Қазір көше жақтан біреулер келіп, суыт хабар еститін сияқтымын» дедім.
Олар «қайдағыны айтады екенсің, жатып демал, шаршағансыз ғой» деп мән
бермеді. Біраздан кейін көзім ілініп кетіпті, таң алдында біреулер есік
қақты. Барлығымыз асып-сасып жүгіріп шықтық. Туыстарымыз түгел жиналып
қалыпты. «Батырханнан айырылып қалдық» деп кезек-кезек көрісіп жатыр.
Менің миыма ештеңе кіретін емес. Іштей «қайтыс болған кім екен?» деп
қоямын. Батырхан деп мүлде ойлаған жоқпын. Состиып тұрысыма қарап, елдің
бәрі таңырқай қарайды. Бір уақытта барып түсініп, жанұшырып «ол өлген
жоқ, жаңа ғана сөйлестім ғой» деп шырқырай беріппін. Содан кейінгісін
білмеймін, құлап қалыппын. Жедел жәрдем келіпті. Көзімді ашсам, күндізгі
он бірлер шамасы көрінеді. Бауыржан Мәскеуге кетіпті. «Сүйегін қайда
қоямыз?» деген мәселе қаралып жатыр екен. Туыстарымыз өзара ақылдасып
«әкесінің жанына жерлейік» деп шешіпті. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық
өнер академиясының проректоры Аман Құлбаев кіші қызымның қайын атасы.
Сол кісі хабарласып, «балаларыңыздың барлығы сізге қарап отыр, не
дейсіз?» деді. Әрі ойланып, бері ойланып, «Қызылордаға кім іздеп келіп
жүреді? Елдің әрі-бері жүре беретін жағдайы жоқ қой. Іздейтін халық
үшін Кеңсай қолайлырақ болар» деп шештік.Сөйтіп, Алматыда мәңгілік
тыныстауына рұқсатымды бердім.
Ел-жұртқа ризашылығымды білдіргім келеді
– Батырхан қайтыс болардан бірер күн бұрын бір жайсыз түс көрдім. Марқұм
әкесі қолына біреуді жетектеп бара жатыр екен. Кім екенін байқап
үлгермедім.Сөйтсем, сүйікті ұлын ертіп кетіпті ғой...
Алматыдағы үйінде дәрігерлік кітапшасын тексеріп қарасақ, өткен жылы
тамыз айында Астанада жүрегін тексертіпті. Қыркүйек айында сол емханада
маған ота жасады. Бас дәрігерге анама «бірауыз айтушы болмаңыздар» деп
ескертіп кетіпті. Біз мүлде бейхабармыз. Осылай аяқастынан жүрегі
тоқтап қалады деп ойламаппыз.
Батырханның өнерде жолы болғанымен, жеке өмірінде жолы болған жоқ.
Артында 14 жастағы ұлы қалды. Мақсұт қазір анасымен бірге Америкада
тұрады. Интернет арқылы екі күннің бірінде сөйлесіп отырмыз. «Демалыста
келемін, әжемнің қасында боламын» деп айтып жатыр. «Әкем өскен топырақта
жүремін» деп қуантады. Өзіне салса, осында келетін түрі бар. Шешесі
басқа ұлттың адамы болған соң сенім де жоқ, білмеймін...
Ғаламтор арқылы менімен бірге қайғырып, әр қалада топ-топ болып
жиналып, әндерін шырқап жатқан көпшіліктің қошеметін көріп, көз жасыма
ие бола алмаймын. Өткенде зиратының басында жылап отырсам, бір топ
жастар келіп, «Апа, сіз жыламаңыз, ұлыңыз үшін қайта қуаныңыз» деп басу
айтып, жұбатып жатыр. Әрине, мұндай құрметке екінің бірі бөленіп жатқан
жоқ. Ел-жұрттың осыншама төбесіне көтеріп құрметтегеніне, аза тұтып,
ардақтағанына ризамын. Батырханның менің ғана емес, халықтың ұлына
айналғанына шүкіршілік етемін.
Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА:
– Батырханды бала кезінен білемін. Әкесі Камалмен, анасы Діларамен
жақын араластық. Бір-біріміздің үйімізге барып-келіп жүрген жақын
достар едік. Батырдың кішкентайынан музыкаға қабілеті мол болатын. Бала
кездегі күлкісі есейгенде өзгерген жоқ. Риясыз, жылы жымиятын.
Мектеп бітіргеннен кейін Ленинградқа барып, Мәдениет институтына оқуға
түсті. Бір жолы Алматыға келіп, консерваторияда оқығысы келетінін
айтты. Сол кездегі ректор Ғазиза Жұбановамен сөйлесіп көрсем, үрлемелі
аспаптар кафедрасында саксофон сыныбы жоқ екен. Ол кісі педагогикалық
кеңес өткізіп, арнайы Батырхан үшін саксофон сыныбын ашты. Сол сыныптың
ең бірінші түлегі Батырхан болды. Студент кезінде, әскер қатарында
жүргенде біраз уақыт менің үйімде тұрды. Төлегенім үйленгенде қасында
жігіт жолдас болды. Екеуі айнымас дос еді. Әсіресе, мамамды қатты жақсы
көретін. 17 мамыр сайын туған күнімен құттықтап, «Майнұр әже, бүгін
сіздің өмірге келген күніңіз. Ал ертең менің туған күнім. Жақсы
адамдар мамыр айында туады екен» деп қалжыңдап қоятын. Анам
«айналайын, менде енді қайбір қадыр-қасиет қалды дейсің? Болашақ
сендердікі, менің жасыма жет. Тоқсанға кел» деп ақ батасын үйіп-төгетін.
Аз ғана көмегім үшін мені де қатты сыйлап, құрметтеді. «Менің екінші
анам» деп мәз қылатын. Алматыға келген сайын хабарласпай кетпейтін.
Қолы тимей жатса «менің келуге уақытым жоқ, айып етпеңіз. Бірақ сіздің
дауысыңызды естімесем, кете алмаймын. Сізді сағындым» деп қоңырау
шалатын. Келгенде бір шоқ гүл мен конфет әкелуді ұмытпайтын. «Мамуля,
мынау сіздің көйлегіңіз» деп ақшалай сый-сияпат жасайтын. «Көйлекті
қайтесің, онсызда осы үйдің іші толған көйлек» десем, «сіз де бәрі барын
білем ғой, бірақ менің кигізгенім болсын» деп кішіпейілділік танытатын.
Қайта-қайта маматайлап құшақтап, басын кеудеме қойып, еркелейтін.
Баяғыда үй алғанда ата-анасымен бірге құттықтап келгені есімде. Сол жолы
да «әке-шешемнің бергені бір бөлек, мынау менің көрсеткен ілтипатым»
деп бәрімізді ду күлдірген.
Екі жыл бұрын немеремнің неке тойына келіп, қонақтардың көңілін көтеріп,
әнін айтып беріп кетті. Былтыр желтоқсан айында 85 жылдық мерейтойым
өтті. Құлаққағыс жасап едім, «мен білемін, маған айтпасаңыз да
қатысамын» деді. Шынымен де бар жұмысын тастап келді. Жаңа жылға
бір-екі күн қалғанда үйге соғып, құттықтап шықты. «Мерекеде Мәскеуде
боламын. Үлкен шара өтеді. Одан кейін Әзірбайжан президентінің әйелі
концерттік бағдарламамен шақырып отыр. Әрі қарай Америкаға ұлыма
барамын» деп, біраз әңгімесін айтты. Әдеттегідей гүлін ұсынып, көйлегін
кигізіп аттанған. Соңғы көргенім сол екен...
Төбемнен жай түскендеймін...
– Батыр қайтыс болған күні Астанада едім. Сайлаудан кейін Президентті
ұлықтау рәсіміне қатысуға дайындалып, үйден шыққалы отырғанмын. Бір
қарасам, қызым ағыл-тегіл жылап келе жатыр. «Мама, Батырдан айырылып
қалдық» дейді. Төбемнен жай түскендей болды. «Ары қарай ештеңе айтпа»
деп құлағымды тарс жауып алдым. Мен үшін туған баламдай ғой, жүрегім
езіліп кетті. Инаугурация кезінде жарылардай болып, іштен тынып, әзер
шыдадым. Бір тілші қыз келіп, сөзге тартпақ болып еді, «Құдай үшін маған
қазір тимеңдер, әйтпесе жағдайым ауыр болады» деп, тілдесуден бас
тарттым. Сол жерде есімді қалай жинап жүргенімді өзім де білмеймін. Үйге
келгеннен кейін айғайға салып, әбден жыладым. Өкініштісі сол, қанша
алас ұрып, бақырғанмен енді қайтарып ала алмаймыз. Әсіресе, туған анасы
Ділараға қиын болды. Өте жақсы көретін ұлы еді. Үлкен ұлдары сабырлы,
жұмсақ мінезді. Батыр бір орнында тұрмайтын. Асығып жүретін.
Әрине, бәріміз бұл дүниеге қонақпыз. Адам баласының дүниеге келгенін
ата-анасы, туысқандары білгенімен, ал кеткенін ешкім білмей қалады.
Біреу ерте, біреу кеш өмірден өтеді. Дегенмен ертең қисая қалсақ, бізді
ақ жауып, арулап көмеді деп отырған баламыз еді. Ол біздің емес, біз
оның бетіне топырақ салдық. Ана үшін өз қолымен баласын қара жерге
салып, аңырап қалғанынан артық қайғы да, қарғыс та жоқ. Осыдан сегіз жыл
бұрын қызым Мариямгүлді жоғалтсам, биыл Батырымды жоғалттым. Артында
қалқайып, біз қалдық.
Айналайыным менің, өзіне-өзі көңіл бөлмеді ме, әлде көп жұмысты көтере
алмады ма екен? Кейде әңгіме арасында күрделі, терең философиялық ойлар
айтатын. Сөз тиді ме, көз тиді ме, қайдан білейін?! Білетінім, біздің
арамыздан өте ұлағатты өнер иесі кетті. Дүниежүзін аралап, концерт
қойған қазақтың талантты ұлының жүрегі тоқтады. Оның әрбір әні бір
спектакль болатын. Үлкен жүрекпен орындалатын. Оның бағы артында
өлмейтін мұрасы қалды. Батырдың қазасы ата-анасының, бауырларының ғана
қайғысы емес, бүкіл қазақтың қайғысы. Сонау Америкадан көңіл айтып, хат
жолдағаннан кейін не дейсіз? Жер-жердегі халықтың ықыласын көрмейсіз бе?
Ешкімді ешкім үгіттеген жоқ. Алматыда, Астанада, Мәскеуде суретін
қойып, орыс-қазағы, басқа ұлты бар әлі күнге аза тұтып жатыр.Кіші қызым
қайта-қайта басына барып жүр. Дұға оқығаннан басқа амалымыз қайсы?!
17 мамыр – анамның туған күнінде Құран оқытып қайттым. Әжесі екеуі бір-біріне жақын орналасыпты. Қызым да сонда.
Қазақ «көп баланы ел үшін туады, бір баланы өзі үшін туады» дейді. Анасы
ел үшін туған білімді, тәрбиелі ұл еді. Балапанымыздың жатқан жері
жайлы болсын! Ол ешқашан есімізден кетпейді.
Батырдың әні үзілмейді...
Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ:
– Батырдың орны ешқашан толмайды,
қазасын естігенде көзімізге жас келді. Жүрегіміз қан жылап, жан дүниеміз
астаң-кестең күй кешті. Бергенінен, берері көп шағында бақилыққа
аттанғаны қабырғамызға батты. Өзекті өртеген өкінішімізді сөзбен айтып
жеткізу қиын. Оның әні бар да, артында қалған жарқын бейнесі бар да
ұмытылуы, елеусіз қалуы мүмкін емес. Ол біздің әрқайсымыздың
жүрегімізде өмір сүретін болады. Қайталанбас ғажайып үні арқылы бізге
мәңгілік естелік қалдырып кетті. Оның ән ғұмыры тоқтағанымен, ән дариясы
ешқашан үзілмейді. Арада қанша ғасыр өтсе де қайталанбас дауысы
ұрпақтың жадында мәңгі сақталады.
Хош бол, қазақтың дара ұлы! Бақұл бол, бауырым! Иманың саламат болсын!
Досым үшін қуанамын...
Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ:
– Ішім қан жылап тұрса да, Батыр үшін
қуанамын. Қысқа ғана ғұмырында мәнді өмір сүріп, халықтың жүрегін
жаулап алған дарын иесі. Бұрын-соңды мыңдаған халықтың көшеге шығып,
біреуді дәл осылай жоқтағанын көрмеппін. Өнер адамының бақыты осы
шығар.
Екеуміздің достығымыз өте жарасымды еді. Өзі де өте сыпайы, жүрегі
нәзік, қатты сөйлемейтін, жұмсақ мінезді жігіт қой. «Отан ана» әнін
жаздырғанда Қуат Шілдебаев екеуі телефон шалып, өтініш жасаған.
«Қазақфильмде» кездесіп, дауысыма тәнті болып, керемет ризашылығын
білдірген. Клип түсіргенде аты-жөнімді жазуды ұмытпапты. Бейнебаянының,
альбомының тұсаукесеріне бардым. Талай концертте де бірге болдық.
Сәлеміміз, әңгімеміз түзу болатын, бір-бірімізді көргенде қуанып
қалатынбыз. 23 сәуірде Астана қаласында «Қазақстан» Орталық концерт
залында Қазақстан халқы ассамблеясының XXII сессиясына орай өткізілген
концертте кездестік. Менің шығармашылығым туралы жақсы пікірін жеткізді.
Бірге суретке түстік. Суретте қоштасып тұрған сияқты, қол бұлғап
қалыпты.
Шын мәнінде, әншілердің ортасындағы орны бөлек, тұлғасы таудай әнші
еді. Ол халықтың жүрегіне әнімен, күлкісімен, саксофонымен ұя салып
кетті. Жарқын бейнесі жақсы естеліктермен көз алдымызда қалды. Туған
күнінде елмен бірге көшеге шығып, аруағына тағзым еттім. «Отан-ана» әнін
орындадық.
Өткен ғасырда Рихтер деген пианист өмір сүрген. Ол өзін ешқашан кәсіби
маман ретінде есептемеген. Көзі тірі кезінде бірде-бір студентке дәріс
оқымапты. Өз-өзіне көңілі толмай, «мен әлі шәкірт тәрбиелейтін деңгейге
жеткен жоқпын» дейтін көрінеді. Өмірден кеткеннен кейін оның ойнаған
туындыларын естігендер әлемде одан асқан бір пианист жоқ екенін
түсінді. Сол сияқты Батырдың да миллиондарды аузына қаратқан жоғары
деңгейдегі музыкант екенін енді біліп отырмыз. Таланттарымызды тірі
кезінде бағалап, қадіріне жетіп жүрсек екен деп ойлаймын. Талай дарын
дер кезінде өз бағасын ала алмай кетті. Өмір бойы сахнада жүріп,
көрерменнің осындай сүйіспеншілігіне ие бола алмайтындар бар. Бұл
тұрғыдан алғанда Батыр өте бақытты жан. Қызылордада, Алматыда,
Мәскеуде өтетін қырық күндік асы қабыл болып, топырағы торқа болсын
деймін.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |