Қызылордалық Ақылбек Ердан Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды

Қызылордалық Ақылбек Ердан Әлем чемпионатында ел намысын қорғайдыГерманияның Берлин қаласында 1998-1999 жылдары туылған жасөспірімдер арасында өткен дзюдодан Еуропа кубогында жерлесіміз Ақылбек Ердан 55 келіде қола жүлдені иеленді, деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.


40 мемлекеттен мықты спортшылар қатысқан тартысты жарыс бәсекесінде ол еліміздің намысын абыроймен қорғап, тамыз айында Босния мен Герцеговинада болатын Әлем чемпионатына жоладама алды.

Ол 1998 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Ол бұған дейін Қазақстан Республикасы чемпионатының 2 рет күміс жүлдесін иеленген, мектеп оқушылар арасында ҚР спартакиадасының жүлдегері, спорт шеберіне үміткер.

Биылғы жылы ұлттық құрама команда сапына қабылданды. Айта кетерлігі, бұл оның халықаралық жарыстағы алғашқы жетістігі. Жас палуан Ақылбек Ерданның алар асуы алда. Оның өнерін шыңдай түсіп, алдағы уақытта Сыр елінің атын шығарар атақты спортшы болатынына сеніміміз мол.

Дзюдодан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Арман Молдахановтың айтуынша, 5-9 тамыз аралығында Босния мен Герцеговинаның Сараево қаласында болатын Әлем чемпионатына Ақылбекпен бірге Жанқожа Марат, Дамир Әбдеков және Сымбат Төрендер еліміздің намысын қорғайтын болады.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 мамыр 2015 г. 575 0