Мектеп түлектерінің автошеру ұйымдастыруларына тыйым салынады

Мектеп түлектерінің автошеру ұйымдастыруларына тыйым салынадыСоңғы қоңырау - мектеп бітіруші түлектер үшін болашақ өмірге қадам басатын, мәңгі есте қалатын қуанышты күн. Алайда мектеп қабырғасында өтетін ресми шара соңғы жылдары той-думанға ұласып, бәсекеге айналып барады. Сондықтан мектеп бітіруші түлектердің автошеру ұйымдастыруына қатаң тыйым салынды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аппарат мәжілісінде мәлімдеді, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.


Биыл облыс көлемінде 291 білім ұясынан 6 мыңнан аса оқушы мектеп бітіреді. Олар соңғы қоңырау кешінде мейрамханаларда отырыстар өткізіп, автошеру ұйымдастыруды дәстүрге айналдырып алған. Мектеп бітірушілер үшін үлкен мәнге ие соңғы қоңырау, ұлттық біріңғай тест сияқты науқандар соңғы жылдары ата-аналардың қалтасына салмақ түсіретіні жасырын емес. Әрине, әрбір ата-ана өз баласының қатарынан қалмай, мектеп бітіру кешін ойдағыдай өткізуін қалайды. Дегенмен, қалтасы көтермейтін ата-аналар да бар. Осыған байланысты облыс әкімі Қырымбек Көшербаев келеңсіз жағдайларды болдырмау, әлеуметтік тепе-теңдікті сақтау басты міндет екенін атап өтті.

«Мектеп оқушы есінде ақша жинау орны емес, болашаққа жолдама беретін білім ордасы ретінде сақталуы қажет. Соңғы қоңырау бәсекеге толы сән жәрмеңкесі мен қауіп қатерге толы автокөлік жарыстарына, беймезгіл уақыттағы құқықбұзушылық ошағына айналмауы керек. Әрбір оқушы ата-анасының байлығымен, лауазымымен емес, өзінің білімімен, талабымен, болашаққа талпынысымен мақтанатын болсын»,- деді облыс әкімі.

Әлеуметтік теңдікті сақтап, қауіпсіздік шараларын қолға алу мақсатында биыл автошерулерге, ретсіз қаражат жинауға тыйым салынбақ. Ол үшін барлық жауапты органдарга тиісті тапсырмалар берілді.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 мамыр 2015 г. 676 0