Жасұлан Молдақараев пен Алдан Балтаев жаттықтырушылар курсынан өтуде

Жасұлан Молдақараев пен Алдан Балтаев жаттықтырушылар курсынан өтудеҚызылорда қаласында футболдан «С» санатына жаттықтырушыларды дайындау курсы басталды. Екі күнге созылатын шараның нәтижесінде қатысушылар Қазақстан футбол федерациясының арнайы сертификатына ие болады.


Қазақстан футбол федерациясы және Қызылорда облыстық футбол федерациясының бірлесіп «Мұз айдынында» ұйымдастырып жатқан курсқа Қызылорда қаласы бар, Сыр елінің шалғай аймақтары бар – барлығы 32 тәлімгер қатысуда. Арасында «Қайсар» футбол клубының ойыншылары Жасұлан Молдақараев, Алдан Балтаев және бұрын-соңды «қасқырлар» сапында доп тепкен Алексей Тен, Қайрат Сәрсенов, Қанат Әлиев, Ғалымжан Үмбетбаев сынды ойыншылар да бар.

Алдымен ҚФФ Техникалық орталығының атынан профессор Ілиясова Алмагүл Нағиқызы «Бұқаралық футбол философиясы. Футбол барлығы үшін» тақырыбында дәріс оқыса, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Маханова Нұрсұлу Базарбайқызы жаттықтырушының балалар және оның ата-аналарымен дұрыс қарым-қатынасы жайлы сабақ өткізді. Сондай-ақ, қатысушылар «Қайсар» футбол орталығының кураторы Булгаков Евгений Валентиновичтің «Жас футболшылардың техникалық дайындықтарын жетілдіру» тақырыбын ұйып тыңдаса, Халықаралық дәрежедегі төреші Серік Жаппасбаевтың «Футбол ережесі» атты дәрісі пікірталасқа ұласып, сұрақ-жауап түрінде қызықты өтті. Ал теориялық сабақтардан соң қатысушылар «Мұз айдынынан» шығып, «Локомотив» стадионына бет алды да, «Қайсар» футбол орталығының жаттығуын тамашалады.

Енді ертең семинардың екінші күні. Курс соңында қатысушылар Қазақстан футбол федерациясының «С» санатындағы сертификаттарына ие болады.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 мамыр 2015 г. 851 0