Тазалық айлығы 29 маусымға дейін жалғасады

Тазалық айлығы 29 маусымға дейін ұзартылды. Бұл туралы бүгін Қызылорда облысының әкімі санитарлық тазалық және көркейту-көгалдандыру жұмыстарына қатысты өткен мәжілісте мәлім етті, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Биыл көктем маусымында облыс бойынша 7 рет сенбілік өткізіліп, 163 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылды. Бұған қоса, 2015 жылдың 18 сәуірінде «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы өткізілді. Аталған шара облыстың барлық деңгейдегі елді мекендерінде жүргізіліп, оған аумақтық, облыстық, қалалық, аудандық мекеме қызметкерлері және үкіметтік емес ұйымдар, жастар бірлестіктерінің мүшелері қатысты. Акцияға облыс бойынша барлығы 24 мыңға жуық адам күші жұмылдырылып, 69 мыңнан аса ағаш көшеттері егілді.

Тазалық айлығының аяқталуына 10 күн қалды. Алайда аудандарда әлі күнге дейін арнайы коммуналдық мекемелер жұмысы жолға қойылмай келеді. Тазалық шараларына немқұрайлы қараған қала тұрғындары мен мекеме басшыларына 500-ден астам айыппұл салынып, 1000-нан аса ескерту жасалған.

Тазалық сақтау жұмыстарына көңілі толмаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тазалық айлығын 29 маусымға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, аймақ басшысы Сыр елі ажарланып, келбеттене түсуіне жағдай жасау әрбір тұрғынның міндеті екенін қадай айтты. Тиісті сала басшыларына барлық аудандарды аралап, көгалдандыру, көркейту жұмыстарының барысын қадағалауды, қалдықтарды тастайтын полигондарды салу жұмысын тездетуді тапсырды. Әрбір сырбойылық өзі тұрып жатқан мекеніне деген жауапкершілігін сезініп, жанашырлық танытып, айналасын тазалап, сенбіліктерге белсене қатысса, әрбір аула, көше таза да көрікті болары сөзсіз.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 мамыр 2015 г. 781 0