Жеңістің 70 жылдығына орай денсаулық саласының 120 соғыс және еңбек ардагерлерінің қатысуымен салтанатты шара өтті. Мерекеге орай госпиталь құрылып, театрландырылған көрініс көрсетілді. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Соғыс жылдарында Қызылордада 9 госпиталь жұмыс істеді. Негізінен оқу ғимараттары емдеу орны ретінде ыңғайластырылды. Қырым дәрігерлері келіп, майдан даласынан жараланып қайтқан жауынгерлерді қатарға қосу үшін жергілікті мамандармен бірлесіп еңбек етті. Нәтижесінде госпитальге түскен сарбаздардың 55,5 пайызы қайтадан әскерге алынып, әрі қарай да соғысқа қатысты.
Қан майданда Кеңесбай Қалиев оқ пен оттың ортасында жүріп, жараланғандарды емдеді. Жау оғынан қаймыққан жоқ, қасқайып қарсы тұрды. Өз міндетін мүлтіксіз орындады. Қарт майдангер оқ қарша борап жатқанда жаралы солдаттарды емдеу оңайға соқпағандығын айтты.
Соғыс жылдарында госпитальдарда 700 мың медицина қызметкері жұмыс істеді. Соның ішінде 5 мың дәрігер, 17 мың 389 фельдшер Сыр елінен майдан даласына аттанды. Қызылорданың Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарында бір-бірден госпиталь құрылды. Қармақшыда 3-уі ашылды. Қырымнан 21 профессор келіп, осында еңбек етті.
Айта кетейік, барлық полевой госпитальдардан тек Жаңақорғандағы санаторийді сақталып қалды. Бір ерекшелігі, жаралы болған жауынгерлерді Жаңақорған жерінде қасиетті топырақпен, батпақпен емдеп, оларды қатарға қосқан.
Бүгінгі шарада театрландырған көрініс арқылы соғыс жылдарындағы госпитальдардың жұмысы көрсетілді.