Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Мәңгілікке маздаған қыршын ғұмыр» атты музыкалық-хореографиялық қойылым болып өтті.
Колледждің батыр қыз есімін иеленген сонау 1952 жылдан кейінгі тарихының әр парағы, ұрпақ тағлым-тәрбиесі жолындағы ізгілікті істері халқымыздың ардақ тұтып аялар қызы, Шығыстың қос жұлдызының бірі - Мәншүк есімімен тығыз байланысты.
Бұл шараны Мәншүк Мәметова атындағы колледждің сонау 1984 жылғы «Әкелер даңқы жолымен» атты ерлік жорығының, Мәншүк Мәметованың 80 жылдығындағы «Ер есімі-ел есінде», 90 жылдығындағы «Жастық жалынымыз-сүйікті Отанымызға!», Ұлы жеңістің 55 жылдығындағы «Ерлік те, елдік те ұрпаққа аманат», 60 жылдығындағы «Аға ұрпақ аманатына адалмыз», Жеңістің 65 жылдығындағы «Ерлік-дастан, Жеңіс думан!» тақырыптарында республикалық, аймақтық деңгейде өткен кең ауқымды патриоттық шаралардың заңды жалғасы деуге болады.
Қойылымға шақырылған қонақтар алдымен театр фойесіндегі «Ерлікті сүйген ел нұрлы» атты тарихи-патриоттық көрме экспозициясы мен фотовернисажды тамашалады. Онда
«Бәрі де Отан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!», «Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің!», «Жеңісті жақындатқан қазақстандықтар», «Біз-жауынгер ұрпағымыз» атты тақырыптар бойынша суреттер қойылды.
Мерекелік патриоттық бағдарлама екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімі- Мәншүктің немере сіңлісі Айман Мәметова мен жерлесі, жазушы Тихон Әліпқалидың Батыр қыз жайлы ең соңғы жазған «Мәңгілікке маздаған қыршын ғұмыр» атты кітабы желісі бойынша музыкалық-хореографиялық қойылым. Бұл- әлемде теңдесі жоқ ерлік жасаған Мәншүкке деген ұжымның мәңгілік құрметі, қасиетті естелігі болмақ. Қойылымда Мәншүктің жастық шағы, тәрбиесі, өскен ортасы, туған жері-Оралмен қоштасуы және соғыс жылдарындағы ерлік кезеңдері бейнеленеді.
Қойылымның режиссер-балетмейстері Ағабылов Медет Майтанұлының жетекшілігімен «Өнер» бөлімінің студенттері өте зор жауапкершілік танытты. 6 және 10 жастағы Мәншүк рөлін сомдаған қаладағы «Сыр гүлдері» ансамблінің бишілері Сейілбекова Асылай мен Асанхан Аяулымның да өнеріне жұртшылық тәнті болды.
Ал, екінші бөлімі «Ерліктің жыры - мәңгілік жыр» атты концерттік бағдарлама. Соғыс, тыл, еңбек майданын бейнелейтін театрландырылған көріністер аясындағы ерлік әндері, Жеңіс жырлары залда отырған әрбір көрерменнің жүрегіне жетті деуге болады. Қойылым алдындағы соғыс жайлы слайдтар мен әскери атрибуттар да өзінше патриоттық шараның мазмұнын ашып тұрды.
Патриоттық қойылым көрермендері: облыс, қала әкімдігі, Ұлы Отан соғысы, ауған соғысы ардагерлері, әскери техникалық мектеп курсанттары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, білім беру ұйымдары мен колледж ардагерлері, әріптес серіктестер, БАҚ өкілдері, ата-аналар, ұстаздар мен студенттер болды. Көрермендер залында ине шаншар бос орын болған жоқ, келген қонақтар жақсы лебіздерін мерекелік кеш бітісімен-ақ жарыса айтып жатты.
Мерекелік қойылымның ең мәртебелі меймандары-облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов бастаған майдан және тыл, еңбек ардагерлері болды. Бір топ Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне «Ерлік шамшырағы» мерекелік медалі табысталды. Жеңісті жақындатқан аға ұрпақ өздеріне деген жастардың өнермен өрілген өнеріне, құрметтеріне ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ колледж ұжымның күшімен қойылған салтанатты шараның нағыз қонақтары Ұлы Отан соғысы ардагерлері:Қалиев Ыдырыс,
Құлманов Бөрібай, Оразов Тәнеш, Қали Кеңесбай, Жүнісов Төлеген,Сатыбалдиев Әбдірауық аталарымыз болды. Қарт майдангерлер өткен күндерді тағы бір ой елегінен өткізіп, жастарға жарқын болашақ тіледі.
Бұл өнер кешін ұрпақтар сабақтастығының шынайы салтанат мерекесі деуге болады.