Қызылорда облысы әкімі лауазымына Елбасы ұсынған Қ.Көшербаевтың кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты

Қызылорда облысы әкімі лауазымына Елбасы ұсынған Қ.Көшербаевтың кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты4 мамыр күні Қызылордада Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешевтің қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 37-ші сессиясы өтті. Күн тәртібінде Қызылорда облысының әкімі лауазымына ұсынылған кандидатураға келісім беру мәселесі қаралды, - деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.


Облыстық мәслихаттың хатшысы Ақмарал Әлназарова ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың облыстық мәслихат депутаттарына жолдаған хатын оқыды. «Құрметті депутаттар! Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 4-тармағына сәйкес, Қызылорда облысының әкімі лауазымына Қырымбек Елеуұлы Көшербаевты ұсынамын. Қырымбек Елеуұлының басшылық лауазымдарда қызмет атқару тәжірибесі мол, Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының әкімі, ҚР-дың Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, ҚР Премьер-министрінің орынбасары лауазымдарында қызмет істеген. 2013 жылдың қаңтар айынан бастап Қызылорда облысының әкімі қызметін атқарып келеді».

Мәслихат депутаттары ұсынылған кандидатураны бірауыздан қолдады.

Өз сөзінде Қырымбек Көшербаев Елбасына білдірген сенімі үшін, ал депутаттарға көрсеткен қолдауы үшін алғысын айтты.

- Қазақстан Республикасының Президентін сайлауда Қызылорда облысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады. Ұлықтау рәсімінде Елбасы Ұлт жоспары деп атаған 5 кешенді реформаны ұсынды. Енді біз бар күшімізді осы реформаларды іске асыруға жұмсауымыз қажет, - деді Қ.Көшербаев.

- Президент сенімі - мен үшін зор құрмет және үлкен жауапкершілік. Сол жауапкершілікті жоғары деңгейде ақтау үшін аянбай еңбек етемін деп мәлімдеймін. Алдағы уақытта Сыр елінің жасарып, жаңаруы үшін бірлесе жұмыс істейік, - деп, депутаттарды туған өлкенің игілігі үшін бірлесе қызмет етуге шақырды.

Көшербаев Қырымбек Елеуұлы 1955 жылы 20 мамырда Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келген. Қазақ. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын құрылыс инженері мамандығы бойынша (1978), КОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын (1991) бітірген, саясаттанушы.

Саяси ғылымдар докторы (халықаралық қатынастар). 50-ден астам ғылыми еңбектер мен мақалалардың авторы.

1978 жылдан - Қызылорда қаласындағы «Главриссовхозстрой» ЖМК-112 инженері, өндірісті дайындау тобының бастығы.

1979 жылдан - Бүкілодақтық екпінді комсомолдық құрылыс - Қызылорда облысы күріштік инженерлік жүйесі штабының бастығы.

1981 жылдан Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті екпінді құрылыстардағы комсомол ұйымдары секторының меңгерушісі.

1982 жылдан - Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің жауапты ұйымдастырушысы (Алматы қаласы).

1983 жылдан - Қазақстан ЛКЖО Қызылорда қалалық комитетінің бірінші хатшысы.

1986 жылдан - Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті комсомол ұйымдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары (Алматы қаласы).

1987-1988 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі.

КОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын (1988-1991) бітіргеннен кейін 1991 жылдан бастап Қазақ ССР Президенті Аппаратының Мәдениет және ұлтаралық қатынастар референтурасының референті болды.

1991 жылдан - ҚР Премьер-Министрі орынбасарының көмекшісі.

1994 жылдан - Алматы қаласындағы Калинин ауданының әкімі.

1995 жылдан - ҚР Министрлер Кабинеті Аппараты басшысының орынбасары - ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі.

1995 жылдан - ҚР Үкіметі Аппараты басшысының орынбасары - аумақтық даму бөлімінің меңгерушісі.

1996 жылдан - ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы - Баспасөз қызметінің жетекшісі.

1997 жылдан - ҚР Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі.

1999 жылдан - ҚР Денсаулық сақтау, білім және спорт министрі.

1999 жылдан - ҚР Білім және ғылым министрі.

2000 жылдан - Батыс Қазақстан облысының әкімі.

2003 жылдан - Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы, оған қоса Финляндия мен Армениядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

2006 жылдан 2011 жылғы желтоқсанға дейін - Маңғыстау облысының әкімі.

2012 жылғы шілде-қыркүйек айларында - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.

2012 жылдан - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

2013 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қызылорда облысы әкімінің қызметіне тағайындалды.

«Парасат» (2003), «Достық» (РФ, 2006), ІІ дәрежелі «Барыс» (2009) ордендерімен, медальдарымен марапатталған.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 мамыр 2015 г. 895 0