Бүгін мемлекеттік мереке - Қазақстан халқының бірлігі күні. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1996 жылдан бастап атап өтіледі. 100-ден астам ұлт өкілдері тұратын Қазақстан үшін бұл мереке дәстүрлі мейрамдардың біріне айналды.
1 Мамыр мейрамы елімізде ұлттар мен ұлыстардың достығы мен татулығының, азаматтық келісімнің , еліміздегі 130-ға тарта халықтардың ауызбірлігінің жарқын көрінісіне айналды.
Қазақстан халқының бірлігі мерекесін жаңа тұрпатта тойлау қажеттігін, оны еліміздің басты мерекесіне айналдыру идеясын Мемлекет басшысы Н. Назарбаев осыдан екі жыл бұрын көтерген болатын. «Көктемгі 1 Мамыр мерекесі біздің елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыра түсуі тиіс. Бұл біздің туған Қазақстанымыздағы 20 жылда құрған негізгі мерекеміз болады. Бірінші мамыр - бірліктің ерекше мерекесі. Сондықтан да, мамырда тұтас ай бойы жақындасудың барлық жаңа жолдарын байқап көру керек. Ал тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайтынына қазіргі жер жаһанда орын алып жатқан мысалдар жеткілікті. Сондықтан да, бірлікті ту еткен еліміз Қазақстан халқының бірлігі күнін басты мерекелердің біріне айналдыруды қолдап келеді. Жұмыс істеу қажет. Егер барлық облыстарда тереңінен ойластырса, өте қызықты шаралар жүзеге асатын болады әрі мұның елге пайдасы да зор», ‑ деген еді Елбасы.
Бұл күндері Астана мен Алматыда, барлық облыс орталықтары мен аудан-ауылдарда қазақстандық толеранттық пен ынтымақтастықты, жарастықты тату тірлікті паш еткен шерулер мен фестивальдар, елімізді мекендейтін барлық ұлттардың этномәдени бірлестестіктерінің ұйымдастырумен басқа да мәдени шаралар, спорт жарыстары өтеді.