Бүгінде Сыр өңірінде 90-ға жуық
көзі тірі Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Жеңіс жалауы желбіреген айтулы
мереке қарсаңында қызылордалық кәсіпкерлер Жеңіс күнінің авторлары –
ардагерлерге құрмет көрсетуде.
Мәселен, Қызылорда қаласында Ұлы
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында кәсіпкерлер әкімдікпен бірге ардагерлермен кездесіп,
қажеттіліктері бойынша барынша көмектесуде. Осы уақытқа дейін қала кәсіпкерлері
12 ардагерге барлығы 1 млн.теңгеден астам көлемінде қаржылай көмек көрсетіп,
10-ға жуық ардагерге телевизор, кондиционер, үй-жихаздарын алып берді.
Жалпы Қызылордада ҰОС
ардагерлеріне көмектер тек Жеңіс күні қарсаңында емес, тұрақты түрде көрсетіліп
тұрады. Осындай кәсіпкерлердің бірі – Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің
төрағасы, «Best-Servise LTD» ЖШС директоры Асқар Махамбетов 2012 жылдан бері
қаладағы 18 ҰОС ардагерін ай сайынғы азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді.
Асқар Махамбетов көмек көрсетіп
келе жатқан ардагерлердің ардагер Василий Демченко. Ол «Бұл азаматтарға алғысымды айтқым келеді. Олар бізді үнемі
елеп-ескеріп, көмектесіп тұрады. Мәселен, өткен жылы үйімнің сыртын жөндеп
берді. Ай сайын ұмытпай азық-түлік әкеп береді», - деп алғысын білдірді.
«Best-Servise LTD» ЖШС
азық-түліктен өзге биыл бірнеше ардагерге қаржылай қолдау көрсетуде. Бұл
жөнінде «Best-Servise LTD» ЖШС-нің бөлім басшысы Жібек Беисова: «Біз «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер
палатасының «Ерлікке тағзым!» жобасын толықтай қолдай отырып, өз тарапымыздан
Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай бірнеше ардагерге 70 000 теңгеден
қаржылай сыйлықтар жасаудамыз», - деді.
Айта кету керек, «Атамекен» Ұлттық
кәсіпкерлер палатасы «Ерлікке тағзым» әлеуметтік жобасын жүзеге асыруда.
Жобаның басты мақсаты –
еліміздегі ардагерлерге әлеуметтік және материалдық тұрғыдан көмек көрсету. Шара
республика көлемінде өткізілмек.