АСТАНА. ҚазАқпарат - Теңгенің девальвациясына ешқандай да алғышарттар туып тұрған жоқ. Бүгін Ақордада бұқаралық ақпарат құралдарына арнап брифинг өткізген
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев журналистер сұрағына жауап бере отырып, осылай мәлім етті.
Брифинг барысында былтырғы жылдың соңынан бері теңгеге қатысты девальвация әңгімесі өршіп тұрғаны айтылып, сайлаудан кейінгі теңге тағдыры не болатыны сұралған еді.
«Сайлаудан кейін күрт өзгеретіндей ештеңе де болмайды. Қалай жұмыс істедік, солай істей береміз. Бұған дейін ескерткенімдей, ешқандай да алғышарттар жоқ. Қазақстандықтар мені біледі, егер сондай бір жағдай туындаса мен оны өзім айтамын. Одан қорғанудың, сақтанудың да керектігін мен ескертемін», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ресей рубліне қатысты теңге бағамында да біршама құбылулар болғанын да еске салды. Өйткені, бұл елмен Қазақстанның байланысы тығыз, саудасы жоғары болатын.
«Қазір бәрі тұрақты. Ешқандай да жоспар белгіленген емес, бұған ешқандай да жағдай тіреліп тұрған жоқ. Дегенмен, екінші мәселе - біз теңге бағамын еркін жіберу мәселесімен, таргеттеумен де жұмыс істеп жатырмыз. Бұл - күрделі мәселе. Біз бұны Халықаралық валюта қоымен бірлесіп шешпекпіз, олар бізге техникалық кеңестер береді. Ал оны атқару бес жылдан бұрын болмайды. Ол үшін теңгенің бағамы шетелдік валюталарға қарағанда еркін болып, конъюктураларға, көрші валюталарға қарай өзгеруі тиіс. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ал оған арнайы жағдайлар жасалуы керек. Қазақстанның қаржы жүйесі дамуы керек», - деді Н. Назарбаев.