"Қазақстан Темір Жолы" АҚ мен ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті "Жәрдем пойызы" әлеуметтік жобасын жүзеге асыруды жалғастыруда, деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.
Бұл жолы медициналық пойыз Қызылорда облысына келді. 23 сәуірден 14 мамырға дейін "Жәрдем пойызы" Қызылорда облысының елді мекендерін аралауда. Белкөл кенті, Қараөзек ауылдық округі, Жосалы стансасының және басқа да шалғай жатқан елді мекендер тұрғындарының облыстық диагностикалық орталық деңгейіндегі жоғары білікті мамандар мен дәрігерлерден тегін медициналық тексерістен өтуге мүмкіндігі бар.
Медициналық пойыздың негізгі міндеті - кешенді диагностикалық көмек көрсету, диагностикалық құрал-жабдықтарды, аппаратураларды пайдалана отырып, лабораториялық, қызметтік, құрал-саймандық әдістермен емделушілерді тексеру, міндетті медициналық тксеруден өткізу, медициналық талдау және анықталған медициналық көрсеткіштерге сүйене отырып, науқастарға жоспарлы емделуге, ауруханада емделуге жолдама беру.
Аталмыш медициналық пойыз күніне 400-ге дейін емделушілерді қабылдай алады. Пойыз 8 вагоннан тұрады, оның 4-еуі емдік-диагностикалық, 1-еуі мейрамхана-вагоны, 1-еуі «дизель-генератор» вагоны, 2-еуі медициналық қызметкерлердің жатақханасына арналған қызметтік купе вагондары. Мұндағы қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жабдықталған 17 медициналық кабинетте терапевт, бала дәрігері, невропатолог, көз дәрігері, құлақ-тамақ дәрігері, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, тіс дәрігері қызмет көрсетеді.
Тек қана Белкөл кентіндегі ек күннің ішінде 300-дей адам дәрігерлік тексеруден өткен. 200-ден астам адамға медициналық және лабораториялық талдаулар жасалған. Елді мекендердің тұрғындары көібне тіс ауры, жүйке жүйесі, қан айналымы, қалқанша безінің ауруларына шағымданған.