Мәншүк Мәметовамен бірге оқыған 95 жастағы Шырынкүл әже Президент сайлауында дауыс берді

Мәншүк Мәметовамен бірге оқыған 95 жастағы Шырынкүл әже Президент сайлауында дауыс бердіҚызылорда қаласындағы №203 сайлау учаскесі М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің бас ғимаратында орналасқан. Дауыс беруге арналған спорт зал күрделі жөндеуден өткен. Сыртқы маңдайшада орналасқан электронды таблодағы биылғы биік белестер жылына байланысты қанатты сөздердің өзі сайлау мәнін ашып тұрғандай. Патриоттық әндер шырқалып, радиохабар беріліп жатыр. Сайлаушылардың колледждегі «Ерлік» залымен жүріп өтуінің өзі де әрбір жанның соғыс және тыл ардагерлеріне деген құрметін арттыра түседі.


Бұл күні, ерекше айта кететін оқиға - комиссия мүшелерінің учаске аймағындағы ең қарт сайлаушы, 95 жастағы Ахметова Шырынкүлдің үйіне барып, ол кісінің сайлау құқығына жағдай жасауы болды. Өйткені, Шырынкүл әжей - Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметовамен Алматыдағы медициналық институттың даярлық курсында бірге оқыған жан. Бұл тарихи сәт колледж есімі берілген қазақтың батыр қызының да тағдырымен байланысып жатқандығымен маңызды болса керек.

Осы тұста Қазақстан халқы бірлігі күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңындағы сайлауға ұжым басшысының қолдауымен Батыр қыз атындағы білім ордасы ұстаздар қауымының да үлкен жауапкершілікпен мән бергенін айта кеткен жөн. Оқытушылар студенттерге алдын-ала сайлау заңдылығын түсіндіріп, олардың саяси көзқарасы мен саяси мәдениетінің қалыптасуына барынша ықпал етті. Бірнеше рет ақпараттық-танымдық, саяси сабақтар өткізілді.

Міне, соның нәтижесінде колледж жатақханасында жататын 106 студент таңғы сағат 7.00 де келіп, алғашқылар қатарында дауыс берді. Колледж студенті - Қытайдың Нанкин қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Дзюдодан олимпиада чемпионы Жауынтаев Бауыржанның Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясына қатысу құрметіне ие болуы да жастардың сайлау алдындағы рухын көтерді десе болғандай.

№203 учаскеде сайлау барысының қалыпты, кедергісіз, белсенді түрде өтіп жатқанына көз жетті. Мұның бәрі де бірлік пен ұйымшылдықтың, саяси мәдениеттің үлгісі, колледждегі жағымды ахуалдың арқасы. Тағы бір ерекше мән беріп айта кетерлік мәселе - учаске қамтитын аймақтың өзіндік ерекшелігі. Нақтырақ айтқанда, мұнда көп ұлттың өкілі тұрады. Олар аса белсенділік танытып, дауыс беруде алғашқылардың бірі болғаны қуантты. Ерлі-зайыпты Цепкова Ольга Алексеевна мен Карабахциев Аркадий Витальевич дауыс беріп болған соң, қуанышты көңіл-күйімен бөлісті.

«Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол - Қазақстан, сондықтан еліміздің болашағы біз үшін аса маңызды. Қаншама жылдар бойы осы Сыр топырағында тәту-тәтті өмір сүріп келеміз. Біз үнемі осы учаскеден дауыс береміз. Бұл жолы тіпті, бәрі де ерекше. Ғимаратқа кіріп келгендегі көрініс жанға жайлы. Дауыс беретін жер өте ыңғайлы және кең. Айнала тап-таза, әдемі гүлдер, ізетті қарсы алушылардың мәдениетінен оқу орнының сайлауға жақсы дайындалғаны көрініп тұр», - деді қуанышты жұп.

Ия, сайлаушы сөзінің жаны бар. Сайлаушылардың дауыс беруіне жасалған жағдайлардың бәрі де оларға жағымды әсер қалдырады. Колледж ұжымы сайлау науқанында бір кісідей жұмылып түске дейін-ақ жүз пайыз дауыс берді.

Аталған сайлау комиссиясының хатшысы Сәуле Көздібаева жанұясымен бірге келіп, дауыс беріп жатқан отбасылардың көп екенін айтты.
«Мұның өзі халықтың саяси да рухани белсенділігінің өскендігі және елінің болашағына бей-жай қарамайтындығы деп түсінемін», - деді ол.

Еске сала кетейік, мұндағы жалпы сайлаушылар саны - 1710 адам. Бақылаушылар саны да көп, олар да өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарап, сайлау барысын жіті қадағалады. Осындай ұйымшылдық ел бірлігінің жарқын үлгісіндей.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 сәуір 2015 г. 696 0