Бүгін Тәжікстан Республикасы Қорғантөбе қаласынан Ресей Федерациясы Мәскеу қаласына бет алған «Боинг - 737/400» ұшағы жанармай құю мақсатында Қызылорда қаласына таңғы 07 сағат 38 минутта қону қажет болған. Бірақ ұшқыш ұшақтың екі қозғалтқышының (двигатель) біреуінде май қысымының төмендеп, ақау шыққандығы жөнінде сағат 7-ден 30 минут кеткенде Қызылорданың әуежайына хабарлаған. Жедел хабарламадан кейін әуежай қызметкерлері ұшақты қондырып алуға дереу кірісіп, нәтижесінде әуе кемесі сәтті қонды. Зардап шеккен адам жоқ. «Боингтегі» 165 жолаушы «Қорқыт Ата» әуежайы ғимаратына, қажет еткен жолаушылар қаладағы қонақ үйге орналастырылды. Жолаушыларға барлық жағдай жасалуда.
Ұшақтың ақауына байланысты Тәжікстан Республикасынан арнайы инженер-механик мамандар шақыртылып, жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті.
Ал жолаушыларды Мәскеуге жеткізу үшін Тәжікстаннан басқа ұшақ ұшып шықты.