Шиелі ауданында белгілі азамат Әбдіманап Шорабаевты еске алуға арналған бокстан 1998-1999, 2000-2001 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында өтетін дәстүрге айналған республикалық турнир аудандық спорт мектебінде болып өтті.
Үш күнге созылған турнирге Алматы, Атырау, Ақтөбе, ОҚО, Жамбыл облысы, Жуалы, Мерке аудандарынан, Қызылорда, Арал, Сексеуіл, Жалағаш,Мәдениет, Шаған, Тасбөгет, Жаңақорған аудандарынан және Байқоңыр қаласынан келген жас спортшылар қатысты. Шараның ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы С.Мұстафаев, аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров, Әбдіманап Шорабаевтың әпкесі Ә.Шорабаевалар ардақты азамат жайлы естеліктер айтып, спортшыларға сәттілік тіледі. Мен мықтымын деп аудан, облыс намысын қорғап келген былғары қолғап шеберлері жеңіске жетулері үшін барын салды.
Жарыс барысында №10 Көкшоқы елді мекенінде орналасқан спорт мектебінің ұстаздары Мұрат Мұсаев пен Берік Мамановтар дайындаған спортшылар жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтсақ, 2000-2001 жылдары туылған жасөспірімдер арасында 34 келі салмақта І орынды Нұртілеу Ғазизұлы, ІІІ орынды Бақдәулет Амангелдиевтер иеленді. Ал, 36 келі салмақта І орынды Жандос Молдақараев, 42 келі салмақта ІІ орынды Дарын Мырзахметов, 46 келі салмақта ІІ орынды Алиасқар Жанділдаев, 48 келі салмақта ІІІ орынды Бейбарыс Жолдасбеков, 50 келі салмақта І орынды Аханбек Ертуған, осы салмақта ІІІ орынды Жасұлан Қалданов, 66 келі салмақта І орынды Владислав Тен қан жығаларына байлады. 1998-1999 жылы туылған жасөспірімдер арасында 46 келі салмақта ІІІ орынды Қобылан Балабеков пен Үмбетияр Шәкірбеков, 52 келі салмақта І орынды Досбол Сейіткәрім, 56 келі салмақта І орынды Елдос Балтабаев, 60 келі салмақта І орынды Айдос Нұршаев, 64 келі салмақта І орынды Нұртуған Аханбек, Елдос Әділхан ІІІ орыннан көрінді. Аудандық №9 спорт мектебінің спортшысы Дәулет Қуандықов 34 келі салмақта ІІ орынды, Жасұлан Байдулла 66 келі салмақта ІІ орынды жеңіп алды. Жеңіске деген құштарлығы үшін Алиасқар Жанділдаев марапатталса, турнирдің ең үздік боксшысы Владислав Тен атанды.