Қызылордаға қыстан кейін көктем емес, жаз мезгілі келді. Табиғаттың мұндай тосын мінезіне оқушылар қауымы дайын болып шықты. Олар мектептің жанынан жылыжай салып, дәнді-дақылдар егіп жатыр. Мектеп әкімшілігі болса, күн көзінің қуатын пайдаланып, оқу орнын түгел ыстық сумен қамтамасыз етуде. Ал есік алдында тауыс құсы серуендеп жүр. Бұл ешқандай да құстар бағы емес. Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіндегі нөмірі 11 мектеп. Қарапайым білім ордасы БҰҰ-ның әлеуметтік нысандарды қолдау бағдарламасы бойынша грант ұтып алып, осы бір өзгеше құстарды сатып алған.
- Қызылорда бойынша біздің ғана мектепте бар. Әзірге үш тауыс, 2 цесарка бар. Көбінесі цесарканы санитар құс деп те атап кеткен. Біз мұны мақтан тұтамыз, -дейді мектеп оқушысы Әйгерім Тынысбекова.
Жас өнертапқыштар күн сәулесінің көмегімен суды 40 градусқа дейін жылытатын коллектор да құрастырды. Мектептің асханасын толықтай ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған құрылғы арқылы электр энергиясын үнемдеуге қол жеткіздік дейді олар. 70 жылдық тарихы бар білім ордасының шәкірттері алдағы уақытта мектептің жылу жүйесін ғаламтор арқылы бақылап, басқарып отыратын бағдарлама жасауды мақсат етіп отыр.
Айта кету керек, №11 мектеп өзінің 70 жылдығын атап өту үшін үлкен дайындық үстінде. Мерейтойға байланысты жыл бойына іс-шаралар өткізілмекші. Мәселен, мектепте Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған көрме жасалған. Онда оқушылардың қолынан шыққан 100-ден аса туындылар қойылған.