«Қайсардың» өз алаңында жолы болар емес. Ел чемпионатының 7-туры аясында «Таразды» қабылдаған қызылордалықтар 1:3 есебімен ұтылып қалды.
Қайсар – Тараз 1:3 (0:2)
Голдар: Мулдаров, 69 – Мера, 24. Пищур, 30. Пищур, 58-пен.
Ескертулер: Мужиков 44 - Таубай 68
Қайсар: Прядкин, Кляйн (к), Митошевич, Цой, Розыбакиев, Мулдаров, Шестаков, Нехтий (Хунт 65), Мужиков (Молдақараев 46), Алтынбеков (Вороговский 69), Юнузович
Резерв: Сейдахмет, Струков, Скорых, Кейлер
Тараз: Григоренко, Аверченко, Мера, Д.Евстигнеев (к), Баялиев, Досмағамбетов (Уббинк 67), Мухутдинов, Сергиенко (Бауыржан 89), Таубай (Әбденәби 72), Жұмаханов, Пищур
Резерв: Яровенко, Тоғызбай, В.Евстигнеев, Бабаханов
Төрешілер: Рахымбаев (Алматы), Ысқақов (Қостанай), Шабанов (Алматы)
15 сәуір. Қызылорда. "Локомотив" стадионы. 2 000 көрермен.
«Тараз» оңай шағылар жаңғақ емес. Соңғы турларын өте сәтті өткізді. Алдымен «Қайратты» 1:0 есебімен тізерлетсе, өткен турда «Астананың» аптығын басып, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Сыр жеріне де тек жеңіс үшін келген екен, матч бастала салысымен алға атой салып, Кирилл Прядкин қақпасынан саңылау іздеумен болды. Дегенмен, бірінші таймның алғашқы жартысында ойын тізгіні толығымен алаң иелерінің қолында еді. Өкінішке қарай, 24-минутта бұрыштаманың нәтижесінде соғылған гол жерлестеріміздің еңселерін түсіріп жіберді. Команда өзіне келмей жатып қақпамызда тағы бір доп тулап жатты. Әріптесінен әдемі пас алған Олександр Пищур қақпашымен жеке-дара шығып, Кирилл Прядкиннен айласын асырып кеткен еді. Рас, осыдан кейін намысқа тырысқан «қайсарлықтар» барынша шабуылдап бақты. Тіпті, Елжас Алтынбеков есепті қысқартуға мүмкіндік алып, қорғаушылардан сытылып шыққан. Бірақ 11-ші нөмірлі ойыншымыздың тепкен добы қақпа бағанасынан кері серпілді. Адасқан допқа бірінші болып Серікжан Мужиков жеткенімен оның соққысына қорғаушылар тосқауыл болып үлгерді.
Екінші таймда «Қайсардың» бас бапкері Дмитрий Огай ойынға өзгеріс енгізіп, Серікжанның орнына Жасұлан Молдақараевты шығарған. «Қайсардың» ойынына қан жүгіргендей болды. Алайда, қонақтардың қорғанысы берік болып, қақпаға тура соққы бағыттай алмай, әбігерге түстік. Ал «тараздықтар» өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеді. 58-минутта Олександр Пищурды Алексей Мулдаров етпетінен сұлатып, төреші пенальти белгіледі. Нүктеге украиналық сұрмергеннің өзі жақындап, 11-метрлікті сауатты орындады. Абырой болғанда «Қайсар» өз голын ақыры соқты. Данил Цойдың айып добынан кейін «теңбіл снаряд» Мулдаровтың аяғынан табылып, қорғаушымыз таблодағы нәтижені қысқарта алды. Қорытынды есеп – 1:3, «Қайсар» өз алаңында биылдықтың бірінші голын соққанымен маусымда алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды.
Евгений Яровенко, «Тараз» ФК бас бапкері:
- Дмитрий Огай қай жақта жүрсе де командасы әрдайым қарымды болады. Осы жолы да Қызылордаға сескене келдік. Шынымен де «Қайсардың» әлеуеті жоғары. Бірақ бүгін футболшыларым қорғаныста да, шабуылда да сауатты ойнап, қажетті нәтижеге қол жеткіздік. Сондықтан, командамның алдында бас иемін.
- Биылдыққа «Тараздың» алдына қандай мақсат қойылған?
- Осындай орында болуымыз керек деген сынды нақты мақсат жоқ. Дегенмен, әр ойында жеңіске жетіп, жанкүйерлерімізді қуантуға тырысамыз.
Дмитрий Огай, «Қайсар» ФК бас бапкері:
- Біріншіден, өз алаңымызда осылайша жеңіліп қалғанымыз үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Енді неліктен мұндай ойынға жол бергенімізді толыққанды саралап, зерттеуіміз керек. Қонақтар бүгін жақсы ойнады. Ал «Қайсар» ойыншыларына не болғанын түсінбей қалдым. Құдды бір, алаңда хаос орнаған сияқты көрінді. Жеңіліс үшін бар кінәні өз мойныма аламын.
- «Қайсардың» біраз қорғаушысы бүгін командаға көмектесе алмады. Бәлкім, осының кесірінен ұтылып қалған шығармыз?
- Бүгін жарақаттарына байланысты Қайрат Нұрдәулетов, Фархадбек Ирисметов, Алдан Балтаев сынды жігіттер хаттамаға енбей қалды. Ал Дамир Дәуітов пен Пламен Димовтың жарақаттары мүлдем ауыр. Бірақ бұл ақталуға себеп емес. «Тараздың» да бірқатар ойыншысы болған жоқ. Не себептен ұтылғанымызды артынан саралаймыз.