Арал аудандық мәдениет үйінде Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетті,деп хабарлады аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Оркестр шығармашылық концертін Түркештің «Көңілашар» күйімен бастады. Одан әрі ҚР еңбек сіңірген қайраткері дирижер Жанас Бекентұровтың дирижерлігімен Құрманғазы, Тәттімбет , Қорқыт, Дәулеткерей, Дина сынды халық композиторларының күйлерін орындалды. Сондай-ақ шетелдік классикалық шығармаларға, жеке орындаушыларға да кезек берілді. Оркестрдің құрамындағы аралдық Мәлік Дәрменов домбырадан «Терісқақпай», «Мұраттың төкпесі» күйін, Ардақ Итекеева қобызда «Қоңыр» күйін төгілтті. «Қазақстан дауысы» ән жобасының финалисі Мақсат Мақұлбеков «Ақбақай» әнін әуелетіп, Президент қоры сыйлығының иегері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали «Молдабай» әнін шырқады.
Шығармашылық кешті тамашалауға қатысқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тәңірберген Дәрменов оркестр ұжымына ризашылығын білдіріп, аудан әкімі Абзал Сансызбайұлының Алғыс хатын табыстады. Сөз соңында Арал өңірінде өнерді жылы қабылдайтын жұртшылық қатары да сиремейтінін атап, әлемдік музыка мұрасынан орын тапқан Құрманғазы бабаның шығармашылығы ғасырдан ғасырға жалғаса берсін деп, оркестр ұжымына ыстық ықыласын жеткізді.