Рахымжан Розыбакиев: «Таразды» жеңуге тырысамыз

Рахымжан Розыбакиев: «Таразды» жеңуге тырысамыз«Ақтөбе» - «Қайсар» кездесуінен кейін клубтың ресми сайтына сұқбат берген қызылордалық команданың қорғаушысы Рахымжан Розыбакиев өткен ойын жайлы өз ойын былайша білдірді.


- Рахымжан, «Ақтөбемен» болған ойын туралы өз ойыңызды білдірсеңіз?
- «Ақтөбеге» қарсы тыңғылықты дайындалдық. Алаң иелерінің әлеуеті жоғары. Сондықтан, бас бапкердің шешімімен алаңға бес қорғаушы болып шықтық. Дегенмен, қорғанысқа жантайып жатып алған жоқпыз. Қарымта шабуылдарды сәтті ұйымдастырып жаттық. Егер Эдин Юнузович пен Жасұлан Молдақараевқа сәттілік жолдас болғанда, онда «ақтөбеліктерді» жеңіп те кетуіміз мүмкін еді.

- Бірінші таймнан гөрі «Қайсарда» екінші таймда гол соғатын мүмкіндіктер көп болды. Үзіліс кезінде бас бапкер алға қарай көбірек атойлау керектігі туралы айтты ма? Жалпы, қандай тапсырма берді?
- Иә, реті келсе қорғаныста отыра бермей, алға қарай шабуылдау керектігі туралы айтты. Содан «Ақтөбе» қақпасына да атойлап, ұмтыла бастадық. Оның үстіне, алаңға үйренісіп алғаннан кейін «ақтөбеліктердің» де алынбас қамал емес екенін байқадық. Шыны керек, ұтуға мүмкіндігіміз болған. Дегенмен, бірінші кезекте өз айып алаңымызда сауатты ойнауымыз керек еді. Бұл міндетті абыроймен атқардық.

- Енді 15 сәуірде «Тараз» командасын қабылдаймыз. Жеңе аламыз ба?
- Егер дәл осы жолғыдай ойнасақ, онда біз «Таразды» ғана емес, басқа да мықтыларды ұта аламыз. Қызылордаға бара салып бізді алдағы ойынға дайындық күтіп тұр. Өткенді ойлауға уақыт жоқ. «Ақтөбемен» болған матчты дереу саралап, қателігімізді түзеп, «Таразға» тас түйін дайын болып шығуымыз керек. Жеңіске жетіп, жанкүйерлерімізді қуантуға тырысамыз.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 сәуір 2015 г. 759 0