Қызылорда облысының кәсіпкерлер
палатасы облыстық білім басқармасымен бірге «Ашық есік күні» форматында облыс
мектептері оқушыларының арасында кәсіби бағдар беру шараларын ұйымдастыруда.
Оқушылардың қызығушылығын
тудырған осындай шаралардың бірі – автомашиналарды сатуға және қызмет көрсетуге
маманданған «Best-Авто» ЖШС мен тамақтандыру қызметін ұйымдастырушы «Best
servis ltd» ЖШС-і.
Бұл жөнінде № 264 және 198
мектептердің оқу ісі меңгерушілері Зәуре Қарақұлова мен Наталья Нам «Мұндай шаралардың мектеп бітірушілердің
мамандық таңдауда дұрыс бағыт таңдауына тигізер әсері зор», - деп өз
пікірлерін білдірді.
Өндіріс орындарына жасалған
экскурсия барысында оқушылар мекеменің жұмысының ерекшеліктерімен, бұл саладағы
сұранысқа ие мамандықтар және сол мамандарды дайындайтын оқу орындары жөнінде
құнды ақпараттар ала алды. Шара барысында оқушылардың сауалдарына «Best servis
ltd» ЖШС директорының орынбасары Лямиға Хамзина мен «Best-Авто» ЖШС-нің кадр бөлімінің бастығы
Бибігүл Нұрболатова және Қызылорда политехникалық колледжінің оқытушылары жауап
берді.
«Бүгінде жоғары сынып оқушыларының басым
бөлігі мамандықты таңдауда, өмірлік және
кәсіби мақсаттарын анықтауда қиналуда. Қазіргі заман жұмысшысына қандай
талаптар қойылатынын біле бермейді. Осы ретте, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер
палатасы жастар мен жасөспірімдерге кәсіби бағдар беру мақсатында кешенді
іс-шаралар қабылдап, жүзеге асыруда» - деді Қызылорда
облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов.