2015 жылдың 3 айы көлемінде Қызылорда ОІІД Әкімшілік полиция басқармасының табиғатты қорғау полициясы құрылымдарымен экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту, анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бағытында біршама жұмыстар атқарылды, деп хабарлайды Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі.
Есепті мерзімде облыс көлемінде табиғатты қорғау заңнамаларын бұзу дерегі бойынша барлығы – 175 әкімшілік құқық бұзушылық, 42 қылмыс фактісі анықталған. Оның ішінде, балық саласында – 56, жануар әлемі саласында – 102 және өсімдіктер әлемі саласында – 16 заң бұзушылықтар орын алған.
Заңсыз аңшылық жасау дерегін анықтау бойынша 240 775 теңге айыппұл салынса, заңсыз балық аулау дерегін анықтау бойынша 693 мың 700 теңге айыппұл салынды.
Жыл басынан бері 42 қылмыстық іс қозғалып, табиғатқа айтарлықтай залал келтіре отырып жасалған заңсыз аңшылыққа қатысты 8 қылмыстық іс, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу дерегіне қатысты 16 қылмыстық іс қозғалған.
Сонымен қатар, балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алудың 1 дерегі Арал ауданында анықталып, ҚР ҚК-нің 335-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалса, ҚР Қызыл Кітабына енгізілген қаяз балықтарын заңсыз аулаудың 2 дерегі Сырдария ауданында анықталып, ҚР КК-нің 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.