Марина Вольнова: «Қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне таң қалудың қажеті жоқ»

Марина Вольнова: «Қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне таң қалудың қажеті жоқ»«Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін білуі тиіс». Еліміздің байрағын көкте желбіретіп жүрген боксшы қыз Марина Вольнова осылай дейді. Қазақы ортада туып-өскен Марина қазақ тілін жетік меңгерген. 1989 жылы Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген Марина Вольнованы бүгінде спортсүйер қауымның бәрі таниды. Ол – Қазақстанның еңбегі сіңген спорт шебері, әйелдер арасындағы бокстан Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, 2010 жылғы Азия чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Сондай-ақ, ол 2012 жылы Лондонда өткен жазғы олимпиадада қола жүлдені қанжығасына байлады. Айта кетейік, осы жылы жазғы олимпиада ойындарының бағдарламасына әйелдер боксы алғаш рет енгізілген еді. Осылайша, қазақстандық орыс қыз жазғы олимпиада ойындарында әйелдер боксынан елімізге жүлде әкелген алғашқы спортшыға айналды. Марина Вольнова алғашында дзюдо секциясына қатысқан. Кейін ауыр жарақат алып, бұл спорт түрін ары қарай жалғастыруға мүмкіндігі болмады. Осылайша, Марина өзінің бокста бағын сынап көруге бел буған. Кішкене қыз көп ұзамай жаттықтырушының назарына түседі. Содан соң жарыстарға қатыса бастайды. Жарыстан әркез жүлделі оралатын Маринаның осылайша боксқа деген қызығушылығы оянған. Бокспен кәсіби түрде айналысқысы келгенін айтқанда анасы қарсы болған екен. Ал Маринаны мұндай сәтте әкесі мен ағалары қолдапты. Отбасындағы ер азаматтардың қолдауына ие болған Марина нақты шешім қабылдап, бокспен кәсіби түрде шұғылдануды бастап кетеді. Марина үлкен жетістіктерге қол жеткізе бастағанда анасы қызы үшін бокстың жай ермек еместігін ұғынады.


Марина Вольнова жайлы сөз болған кезде міндетті түрде оның қазақ тілінің майын тамызып сөйлейтіндігі айтылады. Біз де осы тақырыпқа қатысты Маринамен байланысып көрмек болған едік. Алайда Маринамен байланысу мүмкін болмады. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін Марина Вольнова жайлы жазбағанымыз әбестік болардай көрінді. Сондықтан боксшы Марина Вольнованы әлеуметтік желілерден іздестіре бастадық. Бұл ісіміз де нәтижесіз болды. Маринамен байланыс орната алмағандықтан, оның БАҚ-қа берген сұхбаттарын ақтарып көрдік.

Марина Қазақстан азаматы болғандықтан, өзінің қазақша сөйлейтініне таңырқауға негіз жоқ деп есептейді екен: «Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл мәселесі өте өзекті. Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін білуі қажет. Сол себепті қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне таңырқаудың қажеті шамалы», – дейді Марина Вольнова өзінің сұхбаттарында.

Маринаның қазақ тілінде еркін сөйлейтіндігін білген жанкүйерлері әуелде таңырқай қараған. Ал қазақ тілін жетік меңгерген боксшы қалың қазақтың ортасында жүріп қазақша сөйлемеу мүмкін еместігін үнемі айтады. Ұлты орыс болғанымен, Марина көбінесе қазақша сөйлейді екен. Марина – отбасында қазақша сөйлейтін жалғыз жан емес. Жас спортшының әкесі мен екі ағасы да қазақ тілін өте жақсы біледі. Тек Маринаның анасы қазақша түсінгенімен, қазақ тілінде ойын жеткізе алмайды. Сондықтан да, отбасында Марина анасымен орысша тілдеседі екен. Сондай-ақ, Марина қазақ тілін кітап оқу арқылы игеремін дейтін жандарға күмәнмен қарайды. Өйткені қазақтың көркем әрі бай тілін тек кітап оқып қана меңгеру мүмкін емес. Маринаның айтуынша, қазақ тілінде еркін сөйлеу үшін қазақы орта керек. Адамдар айналасындағылармен тек қазақ тілінде қарым-қатынас орнатқанда ғана тілді тез меңгеруге болады деп есептейді. Маринаның қазақ тілін еркін меңгеруіне де дәл сол қазақы ортада өскендігі әсер еткен. Ал өзі орыс мектебін тәмамдапты. Бірақ оның орыс мектебінде білім алғандығы қазақ тілін меңгеруіне ешқандай кедергі келтірмеген.

Жұмыс кестесінің өте тығыздығына қарамастан Марина кітап оқуға әркез уақыт табады. Қолы қалт ете қалса, детектив жанрындағы романдарды оқығанды ұнатады. Юлия Шилова, Марина Крамер сынды жазушылардың шығармаларын сүйіп оқитын Мария қазақ тіліндегі әдебиеттерді де назардан тыс қалдырмайды. Сондай-ақ, ол қазақтың философиялық мағынасы терең мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерін үнемі жадында сақтауға тырысады.

Марина биіктерден көріну үшін Абай айтқандай ақыл мен еңбектің қатар жүруі қажет деп есептейді. Өзі де бүгінгі жетістіктеріне тек еңбектің арқасында қол жеткізді. Вольнованың соңғы жетістігі – 2014 жылдың күзінде Инчхонда өткен Азия ойындары. Бұл байрақты бәсекеде Марина тағы да қола жүлденің иегері атанды. Азия ойындарынан кейін Маринаның өмірі күрт өзгерді. Ол тұрмысқа шықты. Иә, қазір боксшы қыз қолғабын шешіп, ана атануға дайындалып жүр. Болашақта Марина балаларына да қазақ тілін үйретер деген үміттеміз.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 сәуір 2015 г. 1 193 0