Ресейдің Анапа қаласында 12 мемлекеттің спортшылары қатысқан жастар арасындағы бокстан халықаралық турнир аяқталды.
Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медальді иеленді. Үш алтынның біреуі - қызылордалық спортшының еншісінде. Жарыс барысында төрт кездесу өткізіп, өзінің мықтылығын дәлелдеген Сабыржан Әбілов 60 келі салмақта чемпион атанды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Арал ауданының тумасы, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алатын Сабыржанды жарысқа Мұрат Қаныбетов пен Ғалым Байғұндиев дайындады.
Үстіміздегі жылдың қараша айында болатын Азия чемпионатына дайындалу үшін Сабыржан енді 14-24 сәуір айында Испанияда өтетін халықаралық турнирге қатысып, шеберлігін шыңдайды.