«Менің Қазақстаным!» пойызы жаңақорғандықтармен қауышты

«Менің Қазақстаным!» пойызы жаңақорғандықтармен қауышты«Менің Қазақстаным!» пойызы бүгін Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Жаңақорғандықтар пойыз мүшелерін сән-салтанатпен қарсы алып, ән мен жырдан шашу шашты. Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Руслан Рүстемов:

- Елбасы Н.Назарбаев бұл жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялағаны белгілі. Айтулы жыл мызғымас бірлігі мен бұлжымас татулығын ту еткен еліміздегі ең белді институттардың бірі - Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына тұспа-тұс келіп отыр. Осындай атаулы жыл аясында аймақтарды аралап, ел бірлігін насихаттау жолындағы сапарларыңыз оң болсын, -  деді.

Делегация жетекшісі Ғазиз Телебаев аудан халқына алғысын білдіре отырып, ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білгенін айтты.
«Сондықтан да атқаратын игілікті істеріміз халқымыздың болашағын бірлігімізбен бекем етсін», - деді ол.
Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинаддин Шермағамбетов аймақ жұртшылығының атынан қонақтарға ризашылығын жеткізді.

Бұдан кейін ілкімді шаралар легі «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығында жалғасын тапты. «Менің Елім - Мәңгілік Ел» фото-кітап көрмесін тамашалағаннан кейін, үгіт пойызы мүшелері «Сығанақ» этно-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестік мүшелері және ел ағалары мен жас буын өкілдерімен жүздесті. Аудан әкімі Р.Рүстемовтың модераторлығымен өткен басқосуда ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісім тақырып өзегіне айналды.

Кездесуде «Менің Қазақстаным!» пойызының директоры, философия ғылымының докторы Ғ.Телебаев пен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аға ғылыми қызметкері Т.Жакиянов еліміздегі этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімді нығайту, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз ету, этно-мәдени бірлестіктердің жұмысына жағдай жасау жөніндегі тұщымды ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ, семинар-тренинг пен Қоғамдық келісім кеңесінің қабылдауы және ҚХА жобалары мен конкурстардың бейне таныстырылымы, «Теңдессіз сыйлық» акциясы өтті.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 сәуір 2015 г. 851 0