Бүгін Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына келген «Менің Қазақстаным!» пойызының мамандары кентте бірқатар шаралар атқарды.
Пойызбен Жаңақорған ауданына келген ҚР Білім және ғылым министрлігінің мамандары кенттегі № 110 мектеп-лицейдің мәжіліс залында «Мәңгілік ел жастары - индустрияға!» тақырыбында мектеп бітіруші түлектермен кездесу өткізді. Оған 900 түлек пен ұстаздар қауымы қатысты. Кездесу барысында пойызбен келген Көңілді тапқырлар клубының өнерпаздары мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар, аталған білім ордасында «Туған қалаңа ағаш сыйла!» акциясы ұйымдастырылып, лицей аумағына 40 көшет отырғызылды.
Ал пойыз құрамындағы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің әлеуметтік мәселелер бойынша мамандары Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ғимаратында болып, аудан халқына қызмет көрсетті. Кездесу барысында әр түрлі сұрақтар мен 24 азамат қабылданды. Негізінен қойылып отырған сауалдар «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несие алу, зейнетақы және оралмандардың азаматтық алу, жерді рәсімдеу мәселелері қозғалды.
ҚР Әділет министрлігінің мамандары жылжымайтын мүліктерді, азаматтық хал актілерді тіркеу, сондай-ақ, адвокаттық және нотариаттық мәселелер бойынша, өндірістік атқару мәселесі бойынша 36 азаматты қабылдады.
Айта кетейік, сонымен қатар, аудандық емханада 20-ға жуық дәрігер қазіргі сәтке дейін 400-ге жуық адамға медициналық көмек көрсетті. Олардың жұмысы әлі де жалғасын табуда.
Кешке әдеттегідей Қазақстанның өнер майталмандары қатысатын гала-концерт жаңақорғандықтарды шаттыққа бөлемек.