Қазалы ауданында ҰОС ардагерлеріне құрмет жалғасуда

Қазалы ауданында ҰОС ардагерлеріне құрмет жалғасудаӘрдайым ардагерлерді назардан тыс қалдырмайтын, сәт сайын хал жағдайын біліп отыратын аудан әкімі Бахыт Жаханов Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесін қарсы алғалы отырған Шәкен ауылында тұратын 93 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері, ақсақал Әбжами Алмаховтың үйінде болды. Бұл туралы Қазалы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.


1922 жылы Арықбалық ауылдық округіндегі Ерназар колхозында дүниеге келген. 7 жылдық мектепті бітіріп, 1941 жылы Қазалыдағы техникумда оқып жүрген кезінде өз еркімен 1942 жылы 23 наурызда 19 жасында Украин қаласындағы Харьков, Сталинград бағытындағы соғысқа аттанды. Жан берісіп, жан алысқан майданда снарядтың ұшқынынан жарақаттанған жауынгер 3-ші дәрежелі мүгедек болып елге оралды. Елге келгеннен кейін еңбекке араласып, егінді суару, канал қазу жұмыстарына белсене атсалысты. Қазіргі таңда Әбжами ата ұрпақтарының ортасында бақытты өмір сүріп отыр. Марқұм жары Айниет әже екеуі 4 ұл, 2 қыз, 12 немере, 9 жиен, 5 шөбере сүйіп отыр. Өсіп-өнген, жапырағы жайқалған ақсақал Аллаға шүкіршілік етіп, Еліміздің болашағы жастар екендігін және олардың ешқашан сұрапыл соғысты көрмеуіне тілектестік білдірді.

Елі үшін соғыста ерлік көрсетіп, аянбай еңбек еткен ер есімі өшпейді. Қайта уақыт өткен сайын абырой, беделі арта түседі.

Осы бағытта аудан басшысы Жеңіс туын желбіреткен жауынгерлерге алғыс білдірді. Әбжами қарияға елі үшін еткен еңбегіне лайықты құрмет көрсете отырып, сый-сияпаттар жасады және әрдайым соғыс және еңбек ардагерлері өзінің ұдайы назарында болатындығын жеткізді.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 наурыз 2015 г. 751 0